Қазақстанда қоқыс тасумен айналысатын компанияларға бақылау күшейтіледі

Елімізде 8 мыңнан астам заңсыз қоқыс полигоны бар. Оны ғарыштық бағдарлау көрсетіп отыр.

Өкініштісі сол, олардың басым бөлігі, яғни 82 проценті экологиялық және санитарлық талаптарға сай емес. Осы мақсатта Экологиялық кодекс дайындалған еді. Жаңа редакциядағы құжат бүгін күшіне енді. Оның мүмкіндіктері елордадағы жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі еуразиялық бизнес-форумда талқыланды. Құзырлы министрлік өкілі Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, тиісті құжат қордаланған мәселені жүйелі шешуге көмектеседі.

Ахметжан Пірімқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Ең алдымен қоқыс тасумен айналысатын компанияларға бақылау күшейтіледі. Әсіресе көліктерге арнайы құрылғы орнатып, олардың қозғалысы қаралмақ. Одан кейін қоқысты өңдейтіндердің жұмысын реттеу көзделіп отыр. Бұған қоса жергілікті әкімдіктермен жабайы қоқыс полигондарын жою немесе реттеуге қатысты жұмыстар әрі жалғаса береді.