Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді

Қазақстанда жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мемлекет басшысы оған бір жыл бұрын қол қойған.

Құжат азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларын жеңілдетуге арналған. Енді шағымдарды мамандандырылған соттар қарайды. Ол 14 өңірде және республикалық маңызы бар үш қалада, сондай-ақ Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалаларында құрылды. Енді ел аумағында барлығы 21 мамандандырылған сот жұмыс істейді. Жаңа Кодекске сәйкес, аудандық соттардың төрағалары сайланбалы болады.

Қанат Мусин, ҚР Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы: 

- Бұл кодекстің ерекшелігі қандай? Біріншіден, екі тарап тепе-тең. Сот процесі жарыспалы түрде өтеді. Кімнің дәлелі мықты, кім сотты барынша сендіреді, сол жеңіп шығады. Сот арыз иесіне, жеке азаматқа немесе кәсіпкерге барынша көмектеседі. Сол әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз ба, оны енді талапкер дәлелдемейді. Сол шешімді қабылдаған әкімдіктің өзі оның заңдылығын қажеттілігін  дәлелдеуі тиіс.