Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты өз жұмысын бастады

Қазақстан Республикасы Президентінің 26.01.2021 жылғы «Мамандандырылған әкімшілік соттар туралы» Жарлығына сәйкес Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты құрылған болатын.

Осыған орай, бүгін Түркістан қаласында жаңадан құрылған соттың ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының прокуроры М.Алиханов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Б.Қайшыбеков, Түркістан облыстық мемлекеттік  кірістер департаментінің басшысы Д.Нұрмолдин, Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков, Түркістан облыстық сотының төрағасы Т.Мыятбеков, Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Ж.Мақұлбаев, облыстық соттың алқа төрағалары және Түркістан қаласында орналасқан соттардың төрағалары қатысты.

Облыстық сот төрағасы Т.Мыятбеков жиынды ашу барысында бүгіннен бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгенін және осыған орай, облыстық соттарда әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сот алқалары құрылып, еліміз бойынша 21 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар өз жұмыстарын бастағанын атап өтті.

 Облыс прокуроры М.Алиханов және Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбеков құттықтау сөздерінде өңір тұрғындарын құттықтап, Әкімшілік соттардың құрылуы  азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделері мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті және  жаңа заң аясында мемлекеттік және басқа органдар мен лауазымды адамдарының шешімдері мен әрекеттерінің негізділігі - тұрақтылықты, заңдылықты қалыптастыруға ықпал ететініне назар аударды.

Айта кету керек, елімізде бұған дейін  қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралып келген болса, бұл «әкімшілік іс жүргізу» деген ұғыммен енгізіліп отырған сот ісін жүргізудің жаңа, төртінші институт. Яғни, бүгіннен бастап азаматтар мемлекеттік органмен немесе лауазымды тұлғамен араларында дау туындаған кезде осындай әкімшілік соттарға жүгінетін болады.

Ал бұған дейін жұмыс істеп келген әкімшілік соттар әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттар болып өзгертілді.

Жаңа соттың ғимаратында сот отырыстары өтетін 4 зал толығымен талапқа сәйкес жабдықталып, интернет, аудио-, бейнетіркеу және бейнеконференцбайланыс құралдары орнатылған, кіре берісте соттың қызметі туралы ақпараттық стендтер ілінген.

Қазақстан Республикасы Президентінің 28.06.2021 жылғы «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқаларының төрағалары мен судьяларын  қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы Жарлығына сәйкес Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне Егембердиева Гулмира Ниязбекқызы Жамбыл облыстық сотының судьясы қызметінен босатыла отырып, Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметіне Шәріпов Марат Ырсынбетұлы Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы қызметінен босатыла отырып тағайындалды.

Осы жарлыққа сәйкес Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы қызметіне Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметін атқарған Әбдіқадырова Фатима Жұмаханқызы, Дербісалиева Жазираш Қалмаханқызы, Құсембаева Салтанат Әлібекқызы, Оңласов Марат Игенұлы, Ташев Мадияр Қанышұлы және Арыс аудандық сотының судьясы қызметін атқарған Мекембай Гүлмира Мекембайқызы тағайындалды.