Ақтауда теңіз жағалауы ластанып барады

Суға түсу маусымы басталғалы қоқыс үйіндісі көбейген.

Шомылуға келгендер қалдықтарын тастап, жинамай кетеді. Ал коммуналдық мекеме өкілдері кәсіпкерлерді кінәлайды. Келісім-шартқа отырмай, қоқысты уақытылы шығармайды деп шағымданады.

1-шағын ауданда жағажай маңындағы қоқыс жәшіктері жайрап жатыр. Мұнда жуырда ашылған ашық аспан астындағы кинотеатр түнде көпшіліктің сүйікті орнына айналғанымен, күндізгі көрінісінен адам шошиды.

Тойбек Аманқосов, кинотеатр әкімшісі:

– Сәрсенбіден демалыс күнге дейін жұмыс істейміз. Сол кезде адамдар шашып кетеді. Сеанс басталмастан 15 минут бұрын экранға «Қоқыс тастамаңыздар, өздеріңізбен алып кетіңіздер» деген ескертулерді шығарамыз. Қоқыс жәшіктерінің бар екенін айтамыз. Көбі мән бермейді.

Маусым төбе көрсеткеннен-ақ Каспийге шомылуға асығатындар көп. Күн сайын мыңдаған адам ағылады мұнда. Халықтың нөпірінен соң, жағалау аянышты күйге түседі.

Жағалауда қораптар, пластик бөтелкелермен, сыра шынылар, темекі тұқылдары көп кездеседі. Тұрғындар болса жақын маңда қоқыс жәшігі көрінбегендіктен, осылай тастауға тура келеді дегенді айтады.

Қала бойынша теңіз жағалауында 88 қоқыс жәшігі қойылған. Бұл аздық етеді. Ірі коммуналдық мекеме өкілдері болса, қоқыстың толып қалуы кәсіпкерлердің кінәсі екенін айтады. Себебі, кейбіреулері уақытылы қалдық шығаруға құлықсыз.

Әділет Пірімқұлов, коммуналдық мекеме басшысы:

– Жағалауда орналасқан кейбір кәсіпкерлер тұрмыстық қалдықтарды шығаруға коммуналдық мекемелермен келісім-шартқа отыруға асықпайды. Мәселен, бір кәсіпкер бағаны сұрады. Ақтау қалалық мәслихатымен бекітілген тариф жіберілді. 1 метр кубқа 2089 теңге, айына 20 мыңдай болады. Кәсіпкер келіскен жоқ. Ол тегін тұрғын-үйлерге қойылған контейнерлерге тастап жатыр. Контейнерлерде пластикалық бөтелкелер тастап, салдарынан контейнерлер тез толып қалады.

Коммуналдық мекеме өкілдері күніне екі рет қоқыс жәшіктерін тазалайды. Алдағы уақытта контейнерлердің санын арттыру көзделген. Қоқысты көрінген жерге тастап, жағалауды ластаған кәсіпкерлер мен демалушыларға да жауапкершілік күшейтілмек.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев