СҚО-да екі мыңға жуық тұрғын сусыз қалуы мүмкін

Жергілікті биліктің шешімімен Явленка ауылындағы құдықтар түгел алынады.

Шенеуніктердің айтуынша, жұрт суды үнемсіз пайдаланып, ақша мүлде төлемейтін көрінеді. Сондықтан елдімекенді орталық су жүйесіне қосып, әр үйге есептегіш құрал орнатуға міндеттеп отыр.

Явленка ауылында екі мыңнан астам үй бар. Қазір аудан орталығында су мәселесі өзекті болып тұр. Елді мекенде 15-ақ колонка қалған. Оның өзі дұрыс ақпайды. Енді мүлде ақпауы да мүмкін. Биыл Явленка ауылындағы колонкалар түгел алынайын деп жатыр. Бұған орталық жүйеге қосылмаған үйлердің тұрғындары қарсы шықты.

Гүлзипа Қоспанова, Явленка ауылының тұрғыны:

– Явленкаға 2000 жылы көшіп келдік, содан бері осы колонкалардың бәрі істеп тұр. Ал биыл бүкіл колонкалардың бәрін сындырып жатыр. Ана жолы осы көшенікіне тиіспейміз деген өңшең кәрі кісілер болғасын. Енді қарасақ, жоқ қылыпты.

Жергілікті әкімдік қызметкерлері тұрғындарға суды үйге тартқызып, есептеуіш құралдарын қойып алыңдар деген. Бірақ оны көбінің қалтасы көтермейді. Оның үстіне, қосылатын құбырлар тым алыс. Құбыр қазу да қымбат.

Ысқақ Арқаев, Явленка ауылының тұрғыны:

Өздерің скважина қазып алыңдар дейді. Скважина деген ең кем дегенде 250-300 мыңға түседі. Ондай ақша бізде жоқ. Мен зейнетақымен күн көріп отырған адамммын, шынымды айтсам. 70 мың қайда жетеді? Дәріме жете ме, тамағыма жете ме? Мен жалғыз бастымын.

Тіршілік көзі орталық жүйеге қосылған екі қабатты үйлерде де жоқ. Лидия Остапенко бау-бақшасын суару үшін судың бір текше метрін 2 мың теңгеден сатып алады. Сонымен кір де жуады, тамақ та пісіреді. Басқа амалы жоқ.

Лидия Остапенко, Явленка ауылының тұрғыны:

Білесіздер ме, жаз бойы осылай. Бұрын түнде беретін. Соңғы екі күн тамшылап та ақпайды. Жанымыздағы колонкаларды алып тастады. Енді қайда барамыз?

Су тапшылығы жаз айларында туындайды. Шенеуніктердің айтуынша, Явленка ауылы ыстық күндері екі есе көп тұтынады. Қазір тәулігіне 850-900 текше метр кететін көрінеді. «Тұрғындар суды үнемдемейді әрі ол үшін төлемейді», – дейді олар.

Ермек Ташмақанов, Су тарату серіктестігінің директоры:

– Колонкадан су алатын 650 үйдің тек 70-і ғана ай сайын төлеп отырады. Сондықтан серіктестік басшылығымен колонкаларды алып тастау шешімі қабылданды. Тұрғындарға ескерттік. Төлемеді. Ал қарызы жоқ 70 үйге өз ақшамызға су тартып береміз.

Қайрат Имантаев, Есіл аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Жобалық-сметалық құжаттарын дайындау кезінде қосымша резервуардың құрылысына 60 млн теңге, ал 24 шақырым су тарату желісін салуға 200 млн. теңге бөлінуі тиіс еді. Су ресурстары комитетімен келіссөздер жүргіздік. Жұмыс биыл басталады.

Мәселенің шешімі осында. Бірақ қаржы әлі бөлінген жоқ. Былтыр Явленка ауылындағы су тарату құбырларының 600 метрі ғана қалпына келтірілді. Оған 8 үй ғана қосылған. Мұндай қарқынмен оларды орталық жүйеге қосу жұмысы бірнеше жылға жалғасуы мүмкін.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов