Қостанай облысында шектеу шаралары күшейтілді

Келер аптадан бастап Қостанай облысында карантин талаптары қатаңдайды.

Бұған өңірдегі коронавирус инфекциясының өршуі себеп. Соңғы тәулікте 51 адам ауру жұқтырып, күнделікті өсім 0,3 процентке жетті. Қала және облысаралық бағыттағы автобустар қатынасы тоқтайды. Адамдарға ұжымдасып табиғат аясына шығуға да тыйым салынды. Уақыт бойынша шектеулер кинотеатр, қоғамдық тамақтану орындарын да қамтиды. Ал жабық ойын-сауық орталықтары мен азық-түлік емес тауарлар дүкендері сенбі, жексенбі күні жабық болады. Бірақ «Ashyq» жобасына қосылғандар аталған шектеулерден босатылады.

Ермұханбет Дәулетбаев, облыстың Бас санитар дәрігері:

– «Ashyq» жобасы кәсіпкерлер үшін керемет мүмкіндік. Оларға уақыт бойынша шектеу қойылмайды. Жүйе көмегімен сырқат адамдарды дер кезінде анықтауға болады. Бұның бәрі індеттің алдын алуға бағытталған шара.