«Ауыл» партиясы әкімдер сайлауына өз кандидаттарын ұсынды

Қарағанды облысы бойынша 201 ауылдық округ болса, соның 75-де әкім сайланады.

Осы округтарға қарасты 149 елді мекенде 81 мыңнан астам сайлаушы бар. Бұл саяси дода іскерлігін көрсеткісі келетін жандар үшін мүмкіндік. Ал осындай белсенді азаматтардың арасынан кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға беріліп отыр. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өңірлік филиалы тарапынан 5 кандидатқа таңдау түсті. Бүгін олар кезектен тыс конференцияда партия өкілдері мен делегаттар алдында өздерін таныстырып, қысқаша бағдарламаларын жария етті. Конференцияда ауылды дамытудың тиімді тетіктері туралы мәселелер айтылды.

Серғазы Әдекенов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ҚОФ төрағасы:

– Ауыл әкімдеріне жүктелетін үлкен сенім. Біздің сенімімізден шығады деп ойлаймыз. Атап айтатын болсақ, ауылдағы үлкен мәселелер – ол ауыз су мәселесі, жол мәселесі және де мына заманауи технологияларды ауыл шаруашылық саласына енгізу.