Биыл Алматыда 360 шақырым жол жөнделеді

«Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында, «Шетсіз қала» қағидатымен Алатау, Түрксіб, Наурызбай аудандарында 100 шақырымнан аса жол салынады.

Оған қоса, бірнеше жол айрықтары мен магистральды көшелердің құрылысы жалғасады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының жол инфрақұрымын дамыту жоспарын таныстыру кезінде айтты.

Алматыдағы жолдың ұзындығы 3 мың 100 шақырымға жуық. Одан күніне 700 мыңнан аса көлік өтеді. Оның үстіне мегополис халқы жыл санап өсіп келеді. Тұрғындар да, қала қонақтары да жолдың ерекше маңызға ие екенін жақсы біледі. Сондықтан шаһар әкімдігі бұған қатысты инфрақұрылым мәселесін бірінші орынға қойып отыр.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

Биыл қарқынымызды былтырғыдан көтердік. Жалпы көлемі 360 км болатын құрылыс жұмыстарын қолға алдық. Былтырғымен салсытырғанда өте жақсы көрсеткіш. Жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, 2 көшеге реконструкция жүріп жатыр. 

Алматыда жол инфрақұрылымы бұрынғы көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа ықшам аудандарға жол салу, магистральды көшелер мен жол айрықтарының құрылысы сияқты 3 бағыттан тұрады. Ал жол сапасы жауапты мекемелердің қадағалауында. Сапа талапқа сай болмаған жағдайда айыппұл салыныпп, мердігер компаниялар лицензиясынан айырылады.

Мәулен Әліпов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қалалық филиалының директоры:

– Биыл жылдың басынан бері 120 тексеріске шықтық. 101 ақау анықталды. Ол ақаулардың 25-і қалпына келтірілді. Қалғаны қалпына келтіру барысында. Оған қосымша 220 шаршы метр жолдың жабынын қайта жасатуға ұсыныс берілді.

Дегенмен қалада әлі де асфальт төселмеген 300 шақырымға жуық жол бар. Қала басшылығының айтуынша, ондағы халықтың талап тілегі ескерусіз қалмайды. Көп ұзамай ол жерге де инфрақұрылым тартылады.

Айта кетейік, Алматыда құрылыс жұмыстарымен қоса 3 ірі жол айрығы салынып жатыр.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова

Сондай-ақ...