Инвестициялық жобалардың игілігі

Бүгінде машина құрастыру саласы Қостанай облысының экономикалық өсімін қамтып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған есептік кездесуінде мәлімдеді.

Оның үлесі өндірістік өңдеудің 38,5% құрайды.  Облыс әкімі өңір экономикасына 117 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғанын атап өтті. 97 инвестициялық жоба іске қосылып, 6,5 мың жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығы да Қостанай өңірінің басым бағыттарының бірі. Аграрлық салада 117 мың адам, яғни халықтың ширек бөлігі еңбек етеді. Азық-түлікпен қамтитын өңірге ел қазынасынан 31 млрд-тан астам қаржының бөлінуі заңды. Егіні бітік шығатын аймақта мал жаюға жер жетіспейтіні рас. Десе де облыс ет-сүт бағытын дамытудан бас тартпақ емес. Мәселен, сүт өндірісін ілгерлету үшін 3 бірдей инвестициялық жоба іске асып жатыр.

Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі:

Бұл «Олжа агро» компаниясының 8 бірдей сүт фермасын салу жобасы.  Әрқайсысында 1 200 ірі қара болады. Жылына 52 мың тонна сүт өндіруді көздейтін жоба құны 42 млрд теңгені құрайды.

Ілкімді бастаманың тағы бірі «1000 отбасылық ферма» жобасы. Жергілікті халықты қолдауға бағытталған жоба алдағы 3-4 жылда іске аспақ. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық техника өндірісін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіруге де қомақты инвестиция құйылып жатыр. Мәселен, Комсомол құс фабрикасы жылына 12,5 мың тонна құс етін өндіреді. Енді бұл межені 38 мың тоннаға жеткізбек. Осылайша ішкі және сыртқы нарықтың үддесінен шықпақ.

Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі:

– Айта кетерлігі, азық-түлік экспорты бойынша біздің өңір жетекші орынға шыққан. Шамамен 300 млн доллардың азығын шетке экспорттадық. Соңғы бір жылда 1 млн дәнді дақыл, 800 мың тонна ұн, 10 мың тонна күнбағыс майы шетке сатылды.

Биылғы жылдың алғашқы бес айында ет өндірісі былтырғыдан 4.7, ал сүт 2.5 %-ке өскен. Аймақ басшысы, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы мен еңбекпен қамту мәселесіне тоқталды. 

Авторы: Бақыт Топтаева