Елорда түбіндегі Жібек жолы ауылының халқы әкімдерінен әбден мезі болған

Олар әлгі басшыны дереу қызметтен кетіру керек дейді. Осыған дейін мұң-мұқтажын айтып талай барған екен.

Бірақ кезіге алмапты. Бірде ауырып қалады, енді бірде жиналыстан босамайды. Ашынған жұрт «ауылда не болып жатқанын білмейтін мұндай әкімнің бізге керегі жоқ», деп отыр.

Дастан Сейіл-ханұлы, тілші:

- Азия мен Еуропаны жалғаған Жібек жолы емес бұл. Елорда іргесіндегі ауылдың сиқы. Ой-шұқыры көп. Жүрек жұтқандар ғана жүре алатын шығар бұл жолмен.

«Жаңбыр жауса иіген қамырдай иленіп жатады», дейді ашынған жұрт. Ауыл басқарып отырғандарға талай барды. Тауы шағылып қайтады бірақ.

Яков Павлов, ауыл тұрғыны:

- Вот заставить бы нашего акима по нашей дороге на работу ездить! Или акимов которые были... Это вообще... Если бы проехались и посмотрели бы, это ужас.

Іңір түссе зағиптың күнін кешеді. Көз байланып қалады деп отыр. Көшелерде жарық жоқ өйткені. Сосын ауыз судың да азабын тартып отыр. «Кеңеземіз кепті» дейді. Ауылда әкім тұрақтамайтын болған. Жиі ауысады.

Тілеулес Әубәкір, ауыл тұрғыны:

- Әкімдер ауысып, бірі келеді, бірі кетеді, бірі келеді, бірі кетеді. Қазіргі жас әкім. Әкімнің қолында ештеңе жоқ дейміз. Бар ғой негізі.

Қазіргі басшыны былтыр күзде тағайындапты. Ауданнан алдырса керек. Бірақ сол әкімді ауыл жұрты әлі көрмеген. 

Ермек Мұқашев, ауыл тұрғыны:

- Әкімдеріңіз ауылды аралап, елмен кездесіп...

- Жоқ, ондай жоқ. Аралап, мүмкін өздері плановый, жоспар түрінде аралаулары мүмкін. Негізгі әкімнің қызметі сол ғой, халықтың мұң-мұқтажын шешіп беру керек. Ондайға ол барып жатыр деп мен айта алмаймын.

- Әкімдеріңіздің аты кім, танисыздар ма?

-Атын да білмеймін, даже. Қанат дейді. 

Есім-сойы Қанат екен. Оны әкімдікке барғанда білдік. Өзінен емес, шашбауын көтеріп жүргендерден.

Әкімді таппадық. Орнында болмады. Біраз күттік. Келер дедік. Сөйтсек, телефонмен тілдесуді жөн көріпті.

Орынбасары да орнынан табылмады. Бас маманды жібере салған. Сол адамы сенімдерін ақтай алды ма?!

Серғали Бекенов, Жібек жолы ауылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Оларды мен нақты айта алмаймын. Қашан, қанша ақша бөлінетінін. Жоспар бойынша олар осы желтоқсанда экспулатация жасау керек.

Әйтеуір жолдың жайын айтып берді. Биыл 100 миллион теңге бөлінген екен. Сол ақша бірнеше көшені жөндеуге жетеді деп отыр.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Жұмысшылар жол төсеуге жең түре кірісіп кетті деп еді. Бірақ мұнда қызу жұмыс жүріп жатқанын байқамадық. Жалғыз ғана техника жүр. Қызығы – әкімдіктегілер базынасы бар бұқара тұратын жерді емес, бай-бағландар қоныстанған аумақты таңдаған екен. Тақтайдай тегіс жолды осында төсемек. Ал қалғандарына шиыршық тас та жарайды деп отыр.

Тұрғындардың тіксінетін жөні бар. Басшылары бұқара бас бұрмайды өтйкені. Тіпті әкімдері әлгі ауылда тұрмайды екен.

Ауыл жұрты әкімдерінен әбден мезі болған. «Өз еркімен қызметтен кетсін», дейді. Ауылдың сай-саласына дейін білетін басқа басшыны сайлап алуға дайын отыр. Бірақ ол әзірге мүмкін емес. Қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі 3 жылдан кейін бітеді. Оған дейін шарасыз жұрттың тағы да шыдауына тура келеді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ерлан Наурызбаев