Алматы облысында 2019 жылы болған жол апатына қатысты сот ісі қайта жалғасты

Бұған дейін ақ-қарасы анықталмаған істің мән-жайы туралы бейнематериал берген болатынбыз.

Еске салсақ, қайғылы оқиға осыдан 2 жыл бұрын Кербұлақ ауданының аумағындағы «Алматы-Талдықорған» тас жолында болған. Қапшағайдан Талдықорғанға бет алған жеңіл автомобиль трактордың тіркемесіне соғылған. Соның салдарынан төрт жігіттің біреуі қаза тауып, қалғандары әртүрлі дене жарақатын алды. Содан бері тергеп-тексеру амалдары жалғасып келеді. Бірақ осы уақытқа дейін үш адамның қайсысы көлікті тізгіндегені нақты дәлелденбеген. Алғашқы сотта Данияр Жұртыбаев есімді азамат жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда айыпталушы тарап үкіммен келіспей, шағымданған болатын. Сол себепті іс қайта қаралып, кезекті сот отырысы өтті. Онда жәбірленушілер, куәгерлер сұралып, болған жағдайды баяндады. Айыпталушының адвокаттары екі сараптама, екі түрлі нәтиже көрсеткенін және қылмысты тергеуде өрескел қателіктерге жол берілгенін жеткізді.

Рымбек Иманғалиев, айыпталушының адвокаты:

- Аталған қылмыстық істі сот отырысы кезінде куә ретінде сұралған анықтаушы Нұртаев жүргізген. Яғни, ол 86-баптың 1-бөлігі, 87-баптың 1-бөлігі, 3,4-тармақтары, 89-баптардың талаптарына сәйкес қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге құқығы жоқ бола тұра, қылмыстық іс жүргізген.

Сәуле Қалиева, айыпталушының адвокаты:

- Қылмыстық іс негізінен тергеліп біткен жоқ. Жұртыбаевтың құқығы өрескел бұзылып, оның айтқан дәлелдері ешбір тексерілмеді. Қылмыстық істің заң талаптарына қайшы өткізілді. Осыған байланысты қайтадан тергеу амалдарын өткізу туралы прокурорға жіберу керек деп есептеймін.

Қоғалы ауылындағы сот отырысы бекітілген уақыттан жарты сағатқа кешігіп басталды. Бірде онлайн байланыс үзілсе, келесіде электр жарығы сөнді. Сол себепті судья үзіліс жариялауға мәжбүр болды. Ұзаққа созылған сот процесі келесі жұмада жалғасады. Бұл мәселе арна тілшілерінің ұдайы бақылауында болады.