Нұр-Сұлтанда кейінгі күндері вакцина салдырғандар саны 4-5 есе көбейді

Елордада коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар саны артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, кейінгі күндері 4-5 есе көбейген. Қазір шаһарда 234 мың адам вакцинаның бірінші компонентін ектірді. Ал, толық вакциналаудан өткендер саны 155 мыңға жуықтайды.

Қазір елордада вакцина салуға арналған жүзден астам бөлімше жұмыс істейді. Халыққа қолжетімді болуы үшін емханалардан тыс, сауда, ойын-сауық орталықтарында екпе салатын орын ұйымдастырылған. Солардың бірі – «Абу-Даби Плазада». Мұнда күніне 300-350 адам вакцина салдырады.

Дана Әбілғазина, №9 емхана директорының орынбасары:

- Сәуір, мамыр, маусым айларында вакцина салдыруға күніне шамамен 200 адам келетін. Кейінгі он шақты күннің ішінде қатары көбейді. Сондықтан екпе салатын бригаданы да көбейттік.  Қазір төрт топ жұмыс істеп жатыр.

Төрт топта төрт дәрігер, мен төрт медбике бар. Олар екпе салдыруға келген азаматтың сауалнама толтыруына көмектесіп, сол сәттегі жағдайын тексереді.

Кенжегүл Нұрасылқызы, №9 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:

- Қандай бір диспансерлік учетта тұра ма, дәл қазір шағымдарыңыз бар ма? Аллергия бар ма? Қазір үнемі ішіп жүрген дәрі-дәрмек бар ма? Сол туралы анамнез жинаймыз. Бізде мынадай сұрақтар бар. Сұрақтың бәрін сұраймыз. Егер бұл жерде қарсы көрсетілім жоқ болса, онда біз пациентті тексереміз.

Дәрігердің тексеруінде теріс нәтиже болмаса, вакцинаны таңдауға мүмкіндік беріп, егу бөлмесіне жібереді.

Блиц 1:

- Вакцинасыз жұмысқа қабылдамаймыз деп жатыр. Бір жағынан сол, екінші жағынан денсаулық үшін келіп отырмыз ғой бәріміз.

Блиц 2:

- Жұмыстағы кісілер салдырды осы «Спутник V-ді». Қасымда жүрді салдырған күні, одан кейін бір-екі күн. Ауырып, қиналып жатқанын көрмедім. Содан кейін «Спутник V-ді» таңдадым.

Қала әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде сауда-ойын-сауық орталығындағы егу бөлімшелерінде 40 мыңдай адам вакцина салдырған.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Аят Дүйсенбаев