Елордалық ЖЭО газға қашан көшеді?

Елорда әкімдігі ЖЭО-1, ЖЭО-2 және салынып жатқан ЖЭО-3-ті газға ауыстыру жұмыстарын жалғастыруда.

Қалалық энергия көздерін газдандыру атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың энергия көздерін газдандыру жобасын іске асыру 2020 жылы басталды.

«2020 жылы екі ЖЭО-ға жеткізу желілері – газ құбырын салу басталды, бұл шамамен 30 км, сондай-ақ энергия көздерінің өзінде қолданыстағы жабдықтарды жаңғырту және газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы ЖЭО-1-де үш су жылыту қазандығын газға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізілді. Қараша айында жылыту маусымы басталғанда ЖЭО-1-ге үш қазандық үшін газ беру қамтамасыз етілді, олар барлық жылыту маусымын газбен өткізді. Жабдық сынақтан өтті деп айтуға болады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.

Сондай-ақ өткен жылы ЖЭО-2-нің бір қазандығы газбен жұмыс істеді. Осылайша 2020 жылы екі жылу электр орталығының 4 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды.

Қазіргі уақытта ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-де қалған 9 қазандықты газдандыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Қажетті жабдықтар толық жеткізілді, қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Оларды жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, ЖЭО-1- де биыл тағы 4 қазандық, ЖЭО-2-де 5 қазандық іске қосылады», – деді Мақсат Есмағұлов.

Сонымен қатар, салынып жатқан ЖЭО-3-ті газдандыру үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Бөлім басшысының айтуынша, газ құбыры салынды, сондай-ақ газ реттеу пункті орнатылды. Қазір ЖЭО-3-те энергия көзі газбен жұмыс істей алатынын ескере отырып, жұмыстар жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған еді. ЖЭО-ның қалған қазандықтары осы жылдың соңына дейін газға көшіріледі.

«Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Бұл жоба экологияны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, өйткені жеке сектордағылар көмір жақпайды, нәтижесінде қауіпсіздік артады, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарады», – деп атап өтті елорда әкімі Алтай Көлгінов.