425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылында су мәселесі шешілмей тұр

  • 344
  • UPD: 20:16, 02.07.2021

Алматының іргесіндегі Бесағаш ауылында үш жылдан бері ауыз су мәселесі шешілмей тұр. Жаз басталса болды елді мекеннің таулы аймағындағы бірнеше көшеге су жетпей жатады. Ал жергілікті әкімдіктің былтыр «су тапшылығы болмайды» деген уәдесі сол қалпы орындалмай жатыр.

Маһирам Құрбаниязова, Бесағаш ауылының тұрғыны: 

- Ашық тұр ғой міне. Қай жерін жабамын мен. Қай жерін ашамын. Міне су жоқ. Хотя бы мына жерге воздух болса да келу керек шығар. Міне, екі ай болды мен сусыз тұрып жатырмын.  

Күн сайын суды дүкеннен сатып алып ішетін Маһирам әженің өкпесі қара қазандай. Қайнары мен бұлағы көп ауылда тұрып, ауыз суға жарымай отырғанына қапалы. Өзі тұратын көшеде орталықтандырылған су құбыры бар. Бірақ су жеткіліксіз. Бақшасын суару үшін немерелері күніне 5-6 рет су тасуға мәжбүр. Бір ғана Белбұлақ көшесінде 30-ға жуық үй болса барлығы да дәл қазір сусыз отыр. 

Алмагүл Құрманбаева, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Бір тамшы су жоқ үйімізде. Осы суға келген жұмыстардың бәрін өзіміздің қалтамыздан ақша шығарып жасаймыз. Былтыр да осында трубаны ауыстырып, екі көше болып ақша жинап жасаған кезде де шекемізді қыздырып жатқан жоқ. 

Суға зәру бір ғана көше емес. Бесағаштың таулы аймағында осындай 3 көше бар. Ал орталықтандырылған су жүйесі «Тасқұмсу» серіктестігінің жеке меншігі саналады. Бірақ бірнеше шақырымдық құбырлар әбден ескіріп, жер астында шіріп жатқандықтан үнемі тесіліп жарылады. Ол жыл сайын жөнделіп жамалғанымен құбырды толық ауыстыру қажет» дейді суға жауаптылар.

Бақыт Дәулетқұлов, «Тасқұмсу» серіктестігінің директоры:

- Развязкада соғып жатыр ғой мост. Сол жақта суды өшіріп, қайта-қайта қосып жатыр. Соны өшіріп қосқанымен насос стройдан кетіп қалды. Ол жерде 12-13 давление беруші еді қазір 10, 9 беріп жатыр сол үшін төбедегі үйлерге су жетпей жатыр. Насосты ремонттау керек. Суды өшіріп ремонттау керек. Бүкіл ел 6 мың адам примерно үйлерінде отырған, бәрінікін өшіре алмайсың күндіз. Күн ыстық и так. Ол үшін түнде өшіру керек. Түнде өшірсең емкость толмай қалады азанға дейін. Ремонтқа 5 сағат уақыт керек.

Бесағашта ауыз су мәселесін толық шешу үшін ауыл әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеген. Бұл осыдан үш жыл бұрын жасалған жоба еді. Бірақ ол әлі күнге дейін республикалық сараптамада жатқан көрінеді.

Ернар Жүнісов, Бесағаш ауылы әкімінің міндетін атқарушы:

- 24 млн теңге ПСД ға берілді. Проект экспертизадан өтіп жатыр. Атауы «Бесағаш оңтүстік су қамтамасыз ету» Үкімет тарапынан болады. Сол себепті енді бәріміз күтіп отырған проектіміз сол. Сол проект болатын болса бүкіл оңтүстік часть Бесағаш сумен қамтамасыз етіледі. 

Жалпы Бесағаштағы Ахмет Байтұрсынұлы, Белбұлақ сынды бірнеше көшеде ауыз су тапшылығын түпкілікті жою үшін 7 шақырым су құбырын жаңалау қерек. Оған 3 млрд теңге қаражат қажет. Бірақ бұл жұмыстың биыл да бітпейтін түрі бар. 

Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы