Маңғыстау облысында баласын емшіге қаратқан ата-ана жауапқа тартылуы мүмкін

Маңғыстау облысы Жаңаөзен ауданында 8 жасар баласын емшіге қаратқан ата-ана жауапқа тартылуы мүмкін.

Велосипедтен құлап, оң қолын жарақаттаған баланы ата-анасы дәрігерге апармаған. Оның орнына ауылдағы сынықшыға көрсеткен. 10 күннен кейін денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде облыстық ауруханаға жатқызылады. Баланың өмірін сақтап қалу үшін операция жасалып, бір қолы шынтағынан кесілген еді.

Жамбыл Базарбаев, Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің бас маманы:

- Ата-ана тарапынан сұхбат жүргізіліп, үйінің тұрмыстық жағдайы тексерілді. Және де балаға психологиялық көмек көрсетіліп, әлеуметтік-материалдық көмек беріліп жатыр. Жаңаөзен қаласы әкімдігі жанындағы комиссия отырысында ұсыныс беріп, ата-анасын шектеуге немесе әкімшілік жазаға тартуға ұсыныс берілді.