Зеренді ауданындағы ауылда мал суаратын жалғыз көлшік құрғай бастады

Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Қызылтаң ауылындағы мал суаратын жалғыз көлшік құрғай бастады. Тұрғындар осы мәселені көтеріп арнамызға хабарласты. Суы тартылған көлшіктің түбіндегі батпаққа мал батып, халық әбден әбігерге түсіп жатқан көрінеді.

- Міне мына жерге дейін су болған...

Былтыр ғана жағалауы ауыл шетіне жететін бұл көлшік биыл шалшыққа айналған. Елді мекендегі 250 бас ірі қара, 800-ге жуық жылқы мен жүздеген қой осы жерден су ішеді. Алайда енді шалшық суға жеткенше батпаққа батып, әбден титықтайды. 

Жанболат Айтмұхамбетов, Қызылтаң ауылының тұрғыны:

- Прям кіріп кетіп, сүйреп алып шығып жүрдік трактормен. Жаяу барамыз, сосын сазға кіріп, байлап, матап, сүйреп алып шығып жүрдік. Мына су масқара болды. Енді не істейміз, не қоямыз, Құдайым білсін.

Ауылда 100-ге жуық түтін бар. Барлығы дерлік малмен күнелтіп отыр. Құрғақшылықтан жайылым да күйіп кеткен. Аптап ыстықта күні бойы жарытып не шөп жемеген, не шөлі қанбаған сиырлар кешке қарай қораға да аш құрсақ қайтады дейді бақташы.

Баймырза Айтанов, Қызылтаң ауылының тұрғыны:

- Әрең дегенде қайтарамыз. Екі адаммен әкелеміз кешкілікте. Еліміздің маңайының бәрі егін. Мал жаятын жеріміз жоқ. Қу тақыр. Құрғақ. Жауын-шашын жоқ биыл. Ағаштан ағашқа кіріп сол.

Мәселенің бір шешімін табу үшін тұрғындар өз күштерімен ауыл шетіндегі құдыққа су айдайтын сорғы салған. Алайда ірі қара мен қойлардың бәрін суарып болғанша қондырғының қуаты жетпейді. Маңайда тағы бірнеше көлшік болған. Бірақ олар да  құрғап кеткен.

Дамир Берікұлы, тілші: 

- Мәселен, мына тоспада былтырға дейін су толып тұрған. Бірақ биыл ол да тартылып барады. Ал бұлай жалғаса берсе, бір айға жетпей бұл жер де қурап кетуі мүмкін дейді ауыл тұрғындары.

Қызылтаңдықтар жаңбыр жауып, жағдай оңалмаса, күнкөріс көзі болып отырған малымызды сатуға мәжбүрміз дейді.

Қуаныш Жақашов, Қызылтаң ауылының тұрғыны:

- Енді білмейміз, енді қалай, немене болатынын. Қысқа шөп болмаса, сатылады малдар. Осылай сатылады. Шабатын шөп жоқ маңайда. Бұрынғыдай ағаштың бауырлары, бидайшөптер жоқ қазір шабатын.

Аталған мәселеге алаңдап отырған ауыл тұрғындарының айтуынша, тек Қызылтаңда ғана емес, маңайдағы көптеген елді мекенде жағдай осындай. Бұрын мал өте алмайтын өзендер қазір сылдырап ғана ағып жатса, шөбі шүйгін жерлер тақырға айналған. 

Серік Сабыров, Зеренді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

- Өткен жылдарға қарағанда ауыл шаруашылығына қиындау боп тұр. Осы мәселені, проблемаларды дейді ғой, бүкілін біліп тұрмыз. Қалай шешетін жағдайларын ойластырып жатырмыз. Осы жұманың ішінде синоптиктердің айтуынша, жаңбыр жауады деген болжам бар. Біз енді оған өте сеніп тұрмыз. Бірақ енді оған қарамай шөп бар жерлерде дайындық қысқа қарай өткізіліп жатыр.

Синоптиктер шамамен 4-5 күннен кейін аймақта бірнеше күн жауын жауады деп болжап отыр. Бірақ оның бұл жағдайды жақсартуға қаншалықты әсер етері белгісіз. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Сондай-ақ...