Қызылорда облысында ауылдарға су мен газ берілді

Қызылорда облысының тағы бір шалғай ауылына ауыз су жеткізілді. Біраз жылдан бері таза тіршілік нәріне қол жеткізе алмаған Арал ауданы Аққұлақ елді мекенінің тұрғындары су тасу бейнетінен құтылды. Ал Жосалы мен Жалағаш кенті көгілдір отынға қосылды. Сонымен қатар елорда күні қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді.

Аққұлақтың үш жүзге тарта тұрғыны ауызсуды елді мекен шетіндегі көшеде орналасқан колонкадан тасып ішетін. Енді 90 миллион теңгенің жобасы аясында 5 шақырымдай магистральді құбыр тартылып, ескі су айдау бекеті күрделі жөндеуден өткізілді. Тіршілік нәрін тарату желісін іске қосу шарасына қатысқан облыс әкімі қуаңшылықтан зардап шеккен Арал шаруаларымен кездесті.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Қосымша ақша бөліп, малшыларға көлік шығындарын өтеу бойынша шешіп береміз. Қысқа мал азығын дайындау бойынша биыл шөпті алдын ала көп жинап алу керек.

Елорда күні қарсаңында Қармақшы ауданының орталығына газ беріліп, кенттің 21 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отын игілігін көруге мүмкіндік алды. Жалпы Жосалыда 3 миллиард теңгеден астам қаржыға 160 шақырым желі жүргізіліп, 6 газ тарату бекеті салынды.

Қаршыға Есдәулетов, Қармақшы ауданының тұрғыны:

- Газ кәсіпкерлікке, ауданның экономикалық майда, ірі кәсіпкерлердің өз дәрежесінде жұмыс жасауына үлкен шаруа жасалып жатыр.

Мұндай қуанышқа жалағаштықтар да кенеліп отыр. Аудан орталығына газ жеткізу үшін 3 млрд 700 млн теңгеге жоғары, орташа және төменгі қысымды желі тартылды. Екі газ тарату бекеті арқылы он бес мыңдай тұрғынның үйіне көгілдір отын жеткізіліп жатыр. 

Қасым Кәрімбаев, Мырзабай ауылының тұрғыны:

- Тәуелсіздік алғалы бері ауылдың екі ортасындағы жолдар жөнделді. Мектеп, әкімдік ғимараты салынды. Ауылға жақсы су жүйесі орнатылды.

Ел астанасының айшықты мерекесі қарсаңында Жалағашта жеке инвестор есебінен жабық бассейн кешені ашылды. 

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов