Түркістанда үнді штамы тіркелген жоқ

Бірақ үш сынама Алматыдағы орталық зертханаға жіберілді. Нәтижесі жақын күндері белгілі болады.

Бұл туралы Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы мәлімдеді. Коронавирустың «дельта» штамы қауіпті індеттің басқа түрлеріне қарағанда 60 процентке тез жұғады. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды уақыт оздырмай вакцина алуға шақырды. Екпе салдырмағандар өз ақшасына аптасына бір рет сынама тест тапсыруға міндеттеледі.

Нұрбек Нышанов, облыстық СЭБ  департаментінің басшысы:

- «Дельта» штамы дегеніміз жұқпалылығы өте жоғары және клиникалық көрсеткіштері өте ауыр. Сондықтан оның алдын алу, болдырмау үшін қазіргі таңда біздің комитет пен барлық облыстық бас санитарлық дәрігерлермен және облыс әкімшілігімен, штабтармен келісілген арнайы Қаулы дайындалуда. Сол қаулы бойынша шектеулер қойылады. Себебі біздің облыс көлеміндегі тіркеліп жатқан аурушаңдықтың бәрі карантин және шектеу ережелерін орындамау себебінен болып отыр.