Алматыда емханаға келіп вакцина алуға мүмкіндігі жоқ немесе жұмыстан қолы босамайтын тұрғындарға арнайы жасақталған мобильді топ барады. Ол үшін емханаға хабарласып, коронавируске қарсы екпе алуға ниетті екеніңізді айтсаңыз жеткілікті.
Алматы қаласының тұрғыны Раушан Омарова жарты жыл бұрын коронавирус жұқтырып, жансақтау бөліміне түскен. Өкпесінің 75 проценті пневмонияға шалдыққандықтан ұзақ емделіпті. Бүгінде денсаулығы қалыпқа келген зейнеткер отандық вакцинаны салдырды.
«Вакцинаның маңызын шынайы аурыған адамдар түсінеді» дейді ол.
Раушан Омарова, қала тұрғыны:
- Мен өз қалауыммен салдырып жатырмын ем болсын деп. Бір жағынан, оқып жатырмыз ғой күнделікті, бәрі жақсы болып жатыр. Сол үшін салдырдым бүгін қызымды алып келіп екеуміз. Құдай денсаулық берсін, халқымызға тыныштық берсін, еліміз аман болсын, ақ халатты абзал жандар аман болсын.
Алматыда вакцина салатын 307 жылжымалы топ жұмыс істейді. Мысалы, Алатау ауданындағы номері 29-емханада 5 топ жасақталыпты. Олар қазір емхана қорындағы ресейлік «Sputnik V» мен отандық «QazVac» екпесін тұрғындардың таңдауы бойынша салып жүр. Аз уақыт ішінде үй-үйді аралап 518 адамға екпе жасаған. Шілденің шіліңгір ыстығында инактивті екпелер арнайы суытылған контейнермен тасымалданады. Ал ресейлік вакцинаның тасымалдау тәсілі басқаша екен.
Ақмира Садықова, № 29 қалалық емхананың бас дәрігері:
- Вакциналардың сақталу тәртібі де әртүрлі. Мысалы, Спутник В векторлық вакцина болғандықтан оны сақтау -18, -22 градус болса, оған міндетті түрде авторефрежатор алынған болатын және көліктің USB портына қосып отырып үйге жеткіземіз. Үй жағдайында бірден электрлік жүйеге қосылады. Сөйтіп қажетті минус температура сақталады.
Жалпы Алматы қаласында екпе салдырушылардың саны көбейіп келеді. Соңғы бір тәулік ішінде 11 мыңға жуық алматылық вакцинаның көмегіне жүгінген. Ал бірінші ақпаннан бері қала бойынша барлығы 472 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алыпты.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов