Ковидтің үнділік штамы жас талғамайды

Коронавирус балаларға да қауіп төндіре бастады. Өткен айда еліміз бойынша 27 бала ковид жұқтырған. Ғалымдар дельта штамының тез жұғатынын айтып дабыл қағып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, үнді штамы еліміздің барлық өңіріне тарауы ықтимал. 

Мамандар үнді штамының жас талғамайтынын айтады. Ковид-тің өзге мутацияларына қарағанда жылдам таралады. Балалар арасында дельта штамын жұқтыру 5 есеге жиілеген. Яғни вирус жасарды. Бірақ балаларда инфекцияның қаншалықты агрессивті жүретіні әзірге белгісіз. Ал бұл ауруды ересектер арасында әлі вакцина егілмеген адамдар жұқтыруға бейім.

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы төрағасының орынбасары:

- Үнді штамының таралу ықтималдығы барлық өңірлерде бар екенін көрсете аламыз. Ең бірінші оның таралу жылдамдығы өте жоғары. 60 процент жағдайда тез таралады. Жасырын инкубациялық кезеңі екі есеге дейін қысқа. Үнді штамына байланысты науқастардың жағдайы өте ауыр өтетіндігі көбінесе мына ауыз, ішек қуысы симптоматикасының белгілері, оның ішінде іш ауруы, құсуы жүрек айну, аяқ қолдағы қан тамырларының түрлі тромбоздарымен сипатталып отыр.

Дельта штамы балалар мен жүкті әйелдер арасында ауыр өтуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілері байқала сала дәрігерге жүгінген жөн. Бұл індет ұсақ тамырларды зақымдап, тромбтардың пайда болуына әкеледі. Іш ауырып, тәбеттің төмендеуі, құсу және жүректің айнуы бұл үнді штамының басты белгілері. Әсіресе жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар сақ болуы керек.

Сәуле Атығаева, қалалық көп салалы медицина орталығы директорының орынбасары:

- Бұл мутацияның балаларға да тез жұғатыны анықталып отыр. Жалпы вирус жасарып барады. Сондықтан жеткіншектерге сақ болу керек. Ол үшін ересектер вакцина егіліп, иммунитет қалыптастыруы қажет.

Дәрігерлердің айтуынша, вакцина алған адамдардың саны артқан сайын вирус мутациясының таралуы да бәсеңдейді. Сондықтан індеттің алдын алу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Сонда ғана қауіп сейілмек. Бүгінге дейін әлемде вакцина алған адамдар арасында өлім-жітім тіркелген жоқ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша дельта штамы осы күнге дейін әлемнің 96 елінде тараған.

Айнұр Қуатқызы

Сондай-ақ...