Алматыда әскери ұшақтар тауда жаттығу өткізді

Осыдан 23 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанда Әскери әуе күштері құрылды. Бұл әскери құрылым да заманға сай дамып, жаңа техникамен, қару-жарақпен жабдықталып келеді. Алматыдағы әскери-көліктік авиацияның ұшқыштары кәсіби мереке күні Іле Алатауының биік шыңдарын шарлап, оқу-жаттығу өткізді.

Қазір геосаяси тұрғыдан алып қарағанда Орталық Азиядағы жалпы ахуал қырағылықты талап етеді. Аймақтағы мемлекеттер арасындағы шекаралық дау-дамай, жергілікті қарулы қақтығыстарға ұласып жатқандығы белгілі. Оның үстіне оңүстіктегі Ауғанстанда «Талибан» қозғалысы қайта бас көтеріп келеді. Сондықтан қауіпсіздік пен шекара шебіндегі бақылау күшейтіліп, әскери ұшқыштар кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Таулы аймақта оқу-жаттығу өткізудің өзіндік қиындықтары да бар.

Аманкелді Мақышев, әуе базасының командирі:

- Дайындық теңіз деңгейінен 1500, 2000 және 3000 мың метр биіктікте өткізіледі. Жалпы әскери құрамның дайындығы жаман емес. Бірақ жастарды барлық жаттығуды жасауға жібере бермейміз. Олар әлі де машықтанып, шеберліктерін арттыру керек.

Бүгінгі жаттығуға тікұшақты тізгіндеген 12 ұшқыш қатысты. Олар әуеге МИ-17 және Ми-35 М тікұшақтарымен көтерілді. Тауда ауа райы жиі құбылады, атмосфералық қысым да төмен, жел жиі соғатындықтан жаттығу өткізу де оңай емес дейді кәсіби ұшқыштар.

АманкелдІ Мақышев, әуе базасының командирі:

- Біз үшін осындай жаттығу өткізу өте маңызды. Егер де оқыс жағдай болып, «тауға бір топ адамды жеткізіңдер» деген бұйрық келсе оны бұлжытпай орындау керек болады. Жазда жасалатын жаттығу екі аптадан бір айға дейін жалғасуы мүмкін.

Жоспарлы жиындар кәсіби мереке күні де өте береді. Тіпті әскерилердің оқу-жаттығулары пандемия кезінде де тоқтаған жоқ.

«Өйткені ұшақтардың техникалық мүмкіндігін сынап, сарбаздардың дайындығын үнемі пысықтап отыру керек» дейді ұшқыштар.

Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев