Астанада ағаш қурап, шөп сарғайып кетті

Жасыл желек жанға сая. Бірақ Елорданың жасылы жаз ортасында сая болмай, сарғайып барады.

Экология жанашыры мұны ағаштың дұрыс отырғызылмауынан деп отыр. Мердігер компаниялар көшет егу технологиясын сақтамаған жағдайда ағаш ұзаққа бармай қурап қалады.  Алдымен оларды үнемі күтіп, уақытылы суарып және дәрумендермен толықтырып отыру керек. Топырақтың құрамына ерекше назар аудару керек дейді маман.

Тимур Елеусизов, ҚР Экологтар қауымдастығының мүшесі:

– Бізде мердігерлер өте көп болғандықтан, тиісті жұмысты өз дәрежесінде атқармайды. Сол үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту керек деп ойлаймын. Бұл жағынан өте үлкен қоғамдық бақылау қажет. Себебі ағашты отырғызып қана қоймай, күтіп-баптау керек, ал мердігерлер бұл жағынан осалдық танытатыны жасырын емес.

Қазір көкті құтқарып қалмасақ кейін кеш болады-ау! Жасыл елге айналу үшін отырғызылған ағаштардың бір жылдан кейінгі сиқы осы. Жаз ортасында бұл талдарға күз келген секілді.

Қала тұрғыны Дамир Ахметшин елорда ішіндегі жасыл желекке жаны ашитынын айтады. Аллея жасап қарық қыламыз деп бір жыл бұрын осы жерге жүзден астам жас көшеттер отырғызылған. Күтім болмағандықтан қазір олардың он шақтысы ғана қалған.

Дамир Ахметшин, қала тұрғыны:

Биыл осы алқаптағы ағаштардың суарылғанын көрген емеспін. Сарғайып өліп жатыр. Көшенің арғы жағындағы басқа мердігер компанияға тиесілі талдар күтіп бапталып жатады. Ал мына жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл жауапты мекемелердің жұмысының салғырттығынан деп білемін.

Елордада шамамен 1 200 000 мыңға жуық ағаш бар. Олардың жасыл желекке айналуын әкімдік қадағалап отырғанын айтады. Ал жұмысына салғырт қараған мердігер компаниялармен соттасып жатыр.

Бағлан Алдоңғарова, қалалық «Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ Инфраструктураны дамыту бөлімінің Бас маманы:

– 2020 жылдың күзінде шарттың міндеттемелерін орындамауына байланысты мердігер ұйыммен шарт бұзылған болатын. Осы мердігер ұйыммен қылқанжапырақты ағаштар отырғызылған болатын. Ағымдағы жылда осы ағаштардың құлдырауы 15-20 пайыз құрап отыр. Осыған байланысты басқармамен ағаштарды кесу жұмыстары орындалды.

Қала ішін жасыл желекке айналдыру басты мақсаттың бірі екенін білеміз. Тек ағаш отырғыздық деп санын көрсетпей, сапаға да мән берген абзал.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Сұлтанғазы