Ай соңында әкім сайлауы

Ауылдарда сайлау учаскелері жасақталып жатыр.

Мәселен, Ақтөбе облысында 35 елді мекеннің ауыл басын сайлауға қызу дайындық жүруде. Әсіресе, сайлаушылардың санитарлық талапты сақтауына баса мән берілмек. Қазірдің өзінде біршама ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. 

Алға ауданы, Үшқұдық ауылындағы №176 сайлау учаскесі дайындықты күшейткен. Дауыс беру кабиналары, бюллетень салатын жәшік те орнатылған. Комиссия мүшелері мен хатшы және байқаушылардың орындары да дайын. Ал дауыс берушілердің дене қызуы учаскеге кіре берісте өлшенеді және олардың антисептик қолдануы қажет.

Ақмарал Нұрмағамбетова, Алға аудандық сайлау комиссиясының төрайымы:

Алға ауданы бойынша Тоқмансай және Үшқұдық ауылдық округтерінің әкімдерін сайланға мерзімі аяқталуына байланысты, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлауды 25-ші шілдеге тағайындады. Әр сайлау округі бойынша екі сайлау учаскесі бар.

Аудан бойынша сайлау өтетін екі ауылдық округте шамамен 1700-ден астам дауыс беруші бар. Бірақ, олардың саны әлі де нақтыланады. Себебі, саяси науқанға дейін 18 жасқа толатындар болуы мүмкін дейді комиссия мүшелері. Ал, екі бірдей аумақ бойынша әзірге әкім болғысы келетін кандидат тіркелмеген. Дегенмен, ауылдың жағдайы мен мәселесін жақсы білетін тұрғындар сайлау күні учаскеге барып, дұрыс таңдау жасауға ниеттеніп отыр. Елді мекеннің жайын ойлап, дамуына күш салатын азаматты таңдасақ деген тілектері бар.

Шамил Балмұханов, Үшқұдық ауылының тұрғыны:

– Ауылда өскен, ауыл шаруашылығынан хабары бар, ел-жерді білетін, осы Қазақстан деп жүрегі соғатын нар тұлғалы жігіттер керек деп есептеймін. Округке сондай әкім керек. Еліміздің қарсы бетінде жаңа құрылыс салынып жатыр. Енді ол жағына су жоқ және электр тоқ жүйесі жоқ. Соны дамыту үшін басшы керек.

Гүлназия Масжанова, Үшқұдық ауылының тұрғыны:

– Ауылдық округтерде әкім халықпен жете тығыз байланыста болуы керек. Білікті, алғыр. Оның жасы маңызды емес. бастысы санасы дұрыс болуы керек

Сайлау күні облыс бойынша 34 ауылдық округ, бір ауыл әкімін сайлау көзделіп отыр. Ол үшін өңірде 74 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов