Шетелдіктердің заңсыз еңбектері үшін СҚО-ның 32 тұрғыны жауапқа тартылды

Шетелдіктердің заңсыз еңбектері үшін СҚО-ның 32 тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінгі күні СҚО аумағында 5 815 шетел азаматы және азаматтығы жоқ 255 адам тұрады. Адамдардың көші-қон заңнамасының кейбір ережелерін білмеулері мәселе болып отыр. Осыған байланысты көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік туыстары қонаққа келген жағдайда, үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметін хабардар ету қажет екенін облыс тұрғындарының естеріне салады.

Айта кететіні, электрондық-цифрлық қолтаңба болған жағдайда, визалық-көші-қон порталы арқылы, үйден шықпай-ақ тіркеуге болады. Сонымен қатар басқа мемлекет азаматының елімізде уақытша болу мерзімі асып кетіп, оны ұзартуға немесе ҚР шығуға шаралар қабылдамаған жағдайда, келушімен бірге қабылдаушы тарап та жауапкершілікке тартылады. Алты айдың ішінде аталған нормаларды 293 солтүстікқазақстандық бұзған.

«Көші-қонмен байланысты мәселелер бойынша кеңес алу үшін біздің мамандарға жүгінуге болады. Аумақтық бөліністерге жүгініңіздер, Петропавл қ. 8 (7152) 34-00-50, сыртқы көші-қон мәселелері бойынша 8 (7152) 34-00-23, азаматтық мәселелер бойынша 8 (7152) 34-00-35 нөмірлеріне хабарласуға болады», – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Жарты жылдың ішінде біздің бұрынғы 15 отандасымыз азаматтықтарын ауыстырғандығы жөнінде уақтылы хабарламаған. Олар 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей шетелдің азаматтығын алғандығы туралы хабарлауы және қазақстандық құжаттарын ҚР ішкі істер органдарына не шетелдік мекемелерге тапсыруы қажет. Аталған норманы орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстан Республикасында болу ережелерін елімізге келген 219 қонақ бұзған. Елімізде болу ережелерін бірнеше рет бұзған 24 шетелдік шығарылды. Сондай-ақ шетел жұмыс күштерін заңсыз тартудың 32 фактісі анықталды. Шетелдіктер көбіне жеке тұлғалардың үйлеріне жұмысқа орналасады.

Азаматтарды құжаттандыру бойынша жұмыс жалғастырылуда. Ағымдағы жылғы қаңтардан бастап жеке куәлік әзірлеуге 24 мыңнан астам, төлқұжатқа сегіз мыңнан астам өтініш ресімделді. Өтініштердің біреуін осы күнге дейін қолында ескі үлгідегі төлқұжаты ғана бар СҚО-ның 54 жастағы тумасы берген. Көші-қон қызметінің қызметкерлері ҚР азаматтығын анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдады. Жыл басынан ескі үлгідегі төлқұжатпен не мүлде құжатсыз жүрген 66 солтүстікқазақстандықтың құқықтық мәртебесі реттелді.