Римде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті

Қазақстанның Италиядағы елшілігінде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен өткен іс-шараға Италияның саяси, қоғамдық және ғылыми орта өкілдері қатысты. Салтанатты шарада еліміздің Италиядағы елшісі Ерболат Сембаев сөз сөйлеп, Тұңғыш Президент еңбегінде Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуына қатысты маңызды деректер жазылғанын жеткізді. Және ол Елбасы мұрағатында сақталған жеке естеліктеріне негізделгенін атап өтті. Тұсаукесер аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директоры Игорь Рогов та бейнеүндеу жасады. Италия Қазақстанға инвестиция салған жетекші елдердің бірі. Сонымен қатар Еуроодақ елдері арасында Қазақстанның негізгі сауда серіктестері тізімінде бірінші орында тұр.

Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

– 30 жылда Қазақстан мен Италия арасында саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастық орнады. Соның бір мысалы ретінде Италияның ең ірі мұнай-газ компаниясы тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанын айтсақ болады. Табиғи ресурстар мен машина құрастыру салалары да бар. Италия жерінде қолданылып жатқан қазақстандық өнімдер де жоқ емес. Мәселен, біз Италияға бидай жеткізетін ең ірі экспорттаушы елдің бірі саналамыз.

Эдмондо Чириелли, «Қазақстан-Италия» парламентаралық достық тобының төрағасы:

– «Қазақстан-Италия» парламентаралық достық тобы – әлемдегі барлық парламенттік топтардың ішіндегі ең үлкені. Тұңғыш президенттеріңіздің екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған батыл шешімдерінің арқасында ел арасында мықты серіктестік орнаған. Бізді көп нәрсе байланыстырады. Мыңжылдық тарихы бар мәдениет болсын, мейлі дипломатия болсын. Мінезіміздің ұқсастығы мен қонақжайлылық қасиет тағы бар. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын келе жатқан Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бәріңізге жақсылық пен табыс тілеймін.