423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш қойылды

  • 168
  • UPD: 17:47, 03.07.2021
Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш қойылды Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың Алаш ардақтыларымен мұраттас болғанын айтты. Ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі еткенін, ел ісінде барлық салаға белсене араласқанын, Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген екен Қаныш Сәтбаев. Осы ойға салсақ, халқы Қанышын қал-қадірінше ардақтап, есімін ұлықтап келеді. Ғұлама ғалымның атына бұған дейін қала, көше атауларының берілуі – соның айғағы. Кешегі Қазақ тау-кен-металлургия институтының бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті аталуы да зор мәртебе. Бұл – ұлтының ұлы перзентіне көрсеткен құрметінің бір парасы ғана, – деді Қырымбек Көшербаев.

Жобаны Павлодар облысының әкімдігі мен ғалымның жерлестері – Баянауыл жұртшылығы және мүсінші Асқар Нартов жүзеге асырды.

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев және басқа да қоғам өкілдері қатысты.

Хабар 24 телеарнасы