Қ.Көшербаев: Қаныш Сәтбаев өз халқына қызмет етуді бір сәтке де тоқтатқан жоқ.

Елордада екі бірдей ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі қазақ даласына құт біткенін алғаш сүйіншілеген Қаныш Сәтбаевқа арналса, екіншісі «күй анасы» Дина Нұрпейісоваға қойылды.

«Менің халқым менен де биік». Қазаққа Қаныштай құрмет көрсеткендер қасқалдақтың қанындай ғана шығар. Өз елін өзінен де биік қойған қайраткер еді... Ұлтының алдында ұлық басын кішірейте білген сол жанды өз қазағы бүгін төбесіне көтерді. Алып тұғырға орнатты.

Саматбек Бөкебай, сәулетші:

- Қаныш атамыздың атында планета аталған жалғыз қазақ. Сондықтан өте биік болса екен дедік. Тағы да ол ксінің Черчельге айтқаны бар. «Халқым менен де биік» деп. Сол үйлесімді бола ма, концепцияға келе ме деп ойладық.

Қаныштың ағартушы, академик, ғалым, геолог болғанын білеміз. Ғылымның барлық түріне терең бойлаған. Қазақ даласына құт біткенін алғаш сүйіншілеп еді. Ғылым академиясын да осы кісі құрып берді. Бірақ көкірегін күнге қаратқан жоқ. Қайта, қатарластарына қарайласып, қазаққа қамқор болып жүрді.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- 1951 жылы ұлтымыздың ұлы перзенттері Мұхтар Әуезовке, Қажым Жұмалиева, Ахмет Жұбановқа «ұлтшыл» деген айып тағылып, сол кездегі билік соңдарына түсіп алған екен. Аты аталған кісілердің барлығы ғылым академиясында жұмыс істейтін болғандықтан Қаныш Сәтбаевқа оларды қызметтен босату туралы бұйрық беріледі. Бірақ Қаныш Имантайұлы бұйрықты орындаудан бас тартты. Сол себепті Сәтбаев қатты сынға ұшырап, өз қызметінен кетуге мәжбүр болды. Қанша шырғалаң жолдан өтсе де, қиыншылық көрсе де, Қаныш Сәтбаев өз халқына қызмет етуді бір сәтке де тоқтатқан жоқ.

Қанышқа қойылған он бесінші ескерткіш бұл. Елорданың қақ төрінен орын берді. Мүсінді осыдан 3 жыл бұрын құйып бастаған. Талай нұсқа болған екен. Бірақ түбінде осы кескінді таңдапты. Алысқа қасқайып қарап тұр. Қан майдан басталғанда да Қаныштың қазаққа қалқан болғанын естіп жатырмыз.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан ауыр жылдар еді. Майданға жіберетін әрбір оқ пен қару-жарақ әрине, маңызды. Сол кезде Қаныш Сәтбаев Үкімет пен Қорғаныс министрлігіне жаумен соғысқа қажет бронның марганец қоспай құйылмайтынын дәлелдеп шықты. Сөйтіп, Қазақстанда жедел түрде марганец игеру кенін ашуды ұсынды. Бұл бастамаға кезінде көптеген геологтар мен қаржыгерлер қарсы шықса да, Сәтбаевтың жезді марганец кені құрылып, оған темір жол тартылды. Соғысқа қажет қару-жарақтар сөйтіп, дер кезінде қамтамасыз етілді.

Соғыс қасіретін күйші Дина апамыз да тартқан еді. Майдан даласына  аттанған ұлын зарыға күтті. Сөйтіп, домбыра шанағынан «Ана бұйрығын» төкті. Тыңдаған жанның жанарынан жас шығарған бұл шығарма. Жауынгерлердің жігерін жанып, сарбаздардың сағын сындырмады. Бас қалаға қойылған мына ескерткіштен де күйшінің қазаққа қанат бітіретіндей құдіреті барын байқайсыз.

Бауырхан Жалын, мүсінші:

- Дина апамыздың образын табу өте қиынға түсті. Біраз маетриалдар жинақтадық, іздендік, толғандық. Төлеген деген ағамыз (Дина апамыздың ұрпағы) сол кісінің қолында бұрын еш жерде жарияланбаған біраз фотолар бар екен. Соларды негіз етіп, осы образды шығардық.

Дәулескер күйші қалың қазаққа қаршадай кезінде танылған. «Күй атасы» Құрманғазы дарынды қыздың барын естіп, ауылына іздеп барса керек. Қарым-қабілетін байқапты.

Сөйтіп, тоғыз жыл жанынан тастамай ертіп жүрген. Күйшінің қалың елге тараған «Бұлбұл», «Байжұма», «Көген түп» сынды естіген елді шалқытып, енді бірде толқытып отыратын туындылары бар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Марат Диханбаев