Қостанайда коллледж студенттеріне екі жатақхана салынды

Қостанай қаласындағы қос колледж өз студенттерінің баспана мәселесін толық шешті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл облыс орталығында болашақ дәрігерлер мен көлік құрастырушыларға екі жатақхана салынды. Оларда 750 адам орналасады. «Нұр Отан» партиясы жанындағы жастарды қолдау аймақтық кеңесінің мүшелері жаңа ғимараттарға мониторинг жүргізіп, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Мониторинг жоғары медицина колледжінің жатақханасынан басталды. Ғимарат жыл басында қолданысқа берілген. Оқу орны меншігінде студенттер үйі бұрын-соңды болған емес. Сырттан келген шәкірттердің 70%-і жылда пәтер жалдап, әуре-сарсаңға түсетін. Енді бар жағдай жасалған бөлмелерді олар 10 мың теңгеге жалдап тұрады.

Әйгерім Оспанова, Қостанай жоғары медицина колледжінің директоры:

- 250 орын бар деп айтатын болсақ, қазіргі таңда бізде 400-ге жуық студенттің өтініші бар. Оның ішінде бәріне қажетті деп ойламаймыз. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды, екінші орында ата-аналары жоқ, 1-2 топтағы мүгедек балаларды, көп балалы, тұрмысы төмен отбасыдан шыққандардың құжатын бірінші қабылдаймыз.

Ал 500 адамға арналған Автомобиль көлігі колледжі жатақханасынның ашылғанына бір айдан асты. Әр қабатта демалатын бөлме, ас үйі орналасқан. Студенттердің сабақ оқып, демалуына толық мүмкіндік бар. Кіреберісі абаттандырылып, спорт алаңқайы да тұрғызылған.

Абылай Жүсіпов, «Жас Отан» жастар қанаты ҚОФ төрағасы:

- Наурыз-сәуір айларында облыстық деңгейде 22 жатақхана тексерілген болатын. Соның негізінде біраз жөндеу жұмыстарын қажет етіп отырған мекемелердің басшыларына өзіміздің «Жас Отан» жастар қанаты атынан ескерту хатын жібердік.

Жылдан жылға облыс орталығынданың жоғары оқу орындары мен колледждері жатақхана тапшылығын жойып келеді. Келер жылы тағы екі студенттік жатақхана бой көтереді деп жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров