Алматыда зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

Елорда күні қарсаңында Алматыда зиялы қауымның басын қосқан дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шара Қазақстан-Британ техникалық университетінде ұйымдастырылды. Дәл осы ғимаратта еліміздің Ата заңы қабылданып, астананы Сарыарқа төріне көшіру шешімі шыққан еді. Алқалы жиынға айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, әдебиет және мәдениет майталмандары қатысып, бас шаһардың тарихы мен тағылымына қатысты тұщымды ой бөлісті.

Іс-шараға қатысушылардың қай-қайсысы болсын, тәуелсіз Қазақстанның тәй-тәй басқан сәтінен бастап ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауға атсалысқандар. Кезінде Елбасының астананы Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төріне көшіру шешімін қолдап, ұлы дала көшін бастаған еді.

Амангелді Шардарбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы:

- Сонда шындықты айтайын. Маса дейді ғой. Сонда жай ғана қолымен бүйтсе, сонда бір уыс қолға түседі. Сонда ойладық, қалай мына Алатаудай керемет жерді тастап кетеміз деп. Бірақ та мінекей, Құдайға шүкір, сөзінде тұрды. Депутаттар рұқсатын берді. Мінекей, астанамыз бүкіл жер шарына белгілі болып, көрекейіп, жайнап тұр

Зағипа Балиева, мемлекет қайраткері:

- Күн демей, түн демей қызу жұмыс істедік. Маңызды шешімдерді қабылдау үшін түрлі заң, қаулыларды дайындау керек болды. Қарбаласып жүріп, үлкен тату отбасыға айналдық. Талай қиындық көрдік. Бірақ оларды еңсере отырып, қайда бет алғанымызды түсінетінбіз. Енді міне, еңселі елорданың даму қарқынына күллі әлем куә.

Басқосуда халық әртісі Роза Рымбаева, жазушы Ұлықбек Есдәулет сынды әйгілі өнер қайраткерлері әңгіме өрбітті. Жиынға онлайн қосылған жастар аға буынның сөзін ұйып тыңдады. Тыңдай отырып, әркімнің де елорданың жарқын болашағын құруда бір кісідей үлес қоса алатынын сезінді.

Авторы: Бақыт Топтаева