Алматыда Елорда күніне орай балаларға тегін жекпе-жек орталығы ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Астана күніне орай алматылық балаларға базарлық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен Алатау ауданында спорт сүйер балдырғандарға арналған тегін жекпе-жек орталығы ашылды. Кәсіпкерлердің қолдауымен салынған нысанда қазақша және грек-рим күресі және аралас жекпе-жек үйірмелері жұмыс істейді.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Айкерім ықшам ауданындағы бұл жекпе-жек орталығы бір жылда салынған. Жобаны осы жерде туып өскен кәсіпкерлер қаржыландырыпты. Орталық спортқа қызығушылық танытқан балаларды тегін жаттықтырады. Бапкерлердің жалақысы мен коммуналдық шығындарды іскер азаматтар төлеп отырады.

Құдайберген Қабдолдин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Алматы қаласында шет аудан жоқ, барлығы да орталықтағы аудандардай тең. Мінекей, бүгінгі жекпе-жектің өзі осының нағыз кепілі деп білуге болады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осындай тарту етіп отырған біздің кәсіпкерлерімізге, біздің халқымызға, елімізге рахмет айтқым келеді.

Боз кілемге шыққан балалар ақсақалдың ақ батасынан кейін қазақша күрес пен грек-рим күресі бойынша шеберліктерін көрсетті. Бұл шара «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында іске асырылған. Айта кетейік, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен «Шетсіз қала» жобасы аясында аудандағы бұқаралық спортты дамыту үшін биыл 35 жоба қолға алынған.

Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі:

- Былтырдың өзінде біз 15-ке жуық осындай кешен аштық. 6 футбол алаңдарын, 6 жекпе-жек алаңдарын былтыр ашқан болатынбыз. Биыл қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың қолдауымен 35 жоба, балалар ойнайтын алаң, спорт алаңдары, Work Out алаңдары жобаланып, іске асып жатыр бүгінгі күні.

Алдағы уақытта орталықта тегін жаттығатын балалардың тізімі жасақталады. Тізім бекітілген соң алғашқы жаттығуларда басталады. Айта кетейік, Елорда күніне орай Алматыда 25 жаңа нысан ашылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев