Тель-Авив төріне қазақтың киіз үйі тігілді

Негізі Израиль жұртын таңқалдыру оңай емес. Десе де Тель-авив төріне тігілген қазақтың киіз үйі жергілікті жұртты таңдай қақтырды.

Ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптарды, иврит тілінде жазылған өзге елдің кітаптарын көрген тұрғындар тамсанып жүр. Домбыра күні, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Абай атамыздың 175 жылдығына орай Қазақстанның Израильдегі елшілігі осындай көрме ұйымдастырды. Бұл шараны қолдауға Бар-Илан университетінің Әмірлан есімді студенті де келіп, ұлттық аспапта өнер көрсетті.

Әмірлан Нажметдинов, студент:

Бұл аспап менде бала кезімнен бар. Себебі бірінші сыныптан бастап музыка мектебінде оқыдым. Оқуды тастап, қайтіп оралған кездерім де болды. Соған қарамастан, домбыра тарту менің өмірлік хоббиіме айналды. Аспабымды қатты жақсы көремін, оны өзіммен бірге Израильге алып келдім. 

Аталған іс-шараға Тель-авив мэриясы қолдау көрсетті. Домбыра күнін өткізуге порт маңындағы саябақ таңдалған. Киіз үй арнайы Алматы облысынан жеткізілді.

Элиав Бизовский, Тель-Авив қ. мэриясы Халықаралық байланыстар департаментінің жетекшісі :

Біздің мәдениеттеріміз өте ұқсас. Екі елді ортақтастыратын дүние аз емес. Біз де тарихымыздың белгілі бір кезеңінде көшпелі халық болдық. Сондықтан сіздерден үйренеріміз көп. Ел астанасы Нұр-сұлтанда болдым. Қысқа уақытта тақыр жерде қала тұрғызғандарыңызға таң қалдым.

Шара барысында қазақ елшісі Тель-Авив мэрінің орынбасарына шапан жапты. Көрме кешінде қазақтың қасиетті домбырасынан күй төгіліп, әсем ән шырқалды. Қонақтарға иврит тіліне аударылған Абай кітаптары сыйға тартылды.

Алла Серебринская, баспа үйінің директоры:

Бізге Абай кітабын шығару туралы өтініш түсті. Бұл ұсынысты қуана қабылдадық. Себебі кітап шығару тікелей жұмысымыз. Бұл іспен айналысып келе жатқанымызға 25 жыл болды.

Киіз үйдің жанынан фотокөрме ұйымдастырылған. Онда Қазақстанның табиғаты мен адамдары көрсетілген. Израильде Ұлы дала еліне деген қызығушылық өте жоғары. Елімізге келгісі келетіндер өте көп. Алайда пандемия бұған кедергі келтіріп тұр.

Авторы: Сергей Ауслендер

 

 

Сондай-ақ...