Ғасыр жасаған кейуананың серігі – қара домбыра

Қарағанды облысының Ақтерек ауылында ғасыр жасаған әже тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейуана әлі күнге дейін домбыра тартады. Әрі шертпе күйлердің авторын алғашқы ноталарынан таниды. Елуге жуық немере мен шөбере көрген асыл әже ұрпағына домбыраның қасиетін айтудан жалықпайды.

Тұтас дәуірдің құрдасына айналған Шәмшібану Ақпарова бірнеше аспапты еркін меңгерген. Бірақ соның ішінде қара домбырасы жанына ерекше жақын. Кез-келген жиында ауылдастары қазыналы қартқа ән салып бер деп өтінетін көрінеді.

Шәмшібану Ақпарова, Ақтерек ауылының тұрғыны:

Ән салдым, гармон тарттым, оған иық келмейді қазір. Қазақтың жақсы әндерінің бәрін айттым. Бірақ қазір біраз дауыс келмейді, қарағым. Өмірдің талай қызығын көрдім, жолдасым да жақсы болды. Ендігі арман осы ұрпақ жұрағат аман болса деймін.

Қазақ қуанышы мен мұңын, қызығы мен қасіретін домбыраның қос шанағы арқылы жеткізе білген. Оны бүгінгі буын тереңдете білмейді-дейді қарт. Ал әженің әулетінде домбыра тартпайтын жан жоқ көрінеді.

Баян Құдышева, Ш.Ақпарованың қызы:

– Шешеміз тағы 100 жасаса да, артық емес, керсінше қуанамыз. Анасы бар адамдар қартаймайды. Анамыз жас кезінде барлық аспапты тартып, ән айтты. Қазір балаларының бәрі де домбыра тартады. Әкем барда оркест сияқты айтатын. Әкем балалайкада, анам аккардионда ойнайтын. Қалған балалары домбырада отыратын.

Соғыс жылдары қасіретті көп көрген ана Тәуелсіздіктің қасиетін де жақсы біледі. Өмірінің 40 жылын білім саласына арнап, ұстаздық еткен. Бүгінде 20-ға жуық немере, 35-ке жуық шөбересі бар қазыналы қарт өнерін ұрпағына үйретіп жүр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев