Павлодарлық зейнеткер 45 жыл бойы әскери техникадан коллекция жинап жүр

Павлодарлық Владимир Найда әскери техниканың жүздеген моделін жасаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бұл іспен 45 жыл бойы айналасады. Бүгінде зейнеткердің жеке коллекциясында 12 тұрақты экспозиция бар. Әрқайсысы белгілі бір тарихи кезең мен мемлекеттердің қарулы күшіне арналған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Владимир Найда бала кезінде ұшақтың алғашқы моделін жасаған. Әкесі сияқты әскери ұшқыш болуды армандапты. Мұратына жетпесе де, әскери өмірге деген қызығушылығы басылмаған.

Бұл танымал Boeing B-29 ұшағының кішірейтілген нұсқасы. Дәл осы әуе кемесінен Нагасаки мен Херосимаға бомба тасталған. Коллекционер бұл модельді 30 күн бойы жинапты.

Владимир Найда, коллекционер:

- Әскери техниканы жан-тәніммен жақсы көремін. Іс оңай емес. Ыждахаттылық пен төзімділікті талап етеді. Жас кезімде жұмыстан келе сала модельдерді құрастыруға кірісетінмен. Қазіргі уақытта хоббиіммен түнделетіп айналысамын. Бұл жұмысқа беріліп кеттім десем де болады. Уақытымды аямай, тынымсыз еңбек етсем, нағыз модель шығады.

Владимир Найда әскери техниканың модельдерін осы аядай ғана бөлмеге сыйғызған. 45 жылдың ішінде коллекция музейге айналып үлгерді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Танктер, зеңбіректер, ЗИС көліктері. Ал бұл танымал «Катюша». Бұл экспозицияның маңызды бөлігі Ұлы Отан соғысы кезеңінде қолданыста болған техникаға арналған. Экспозицияны коллекционер 10 жыл бойы жинады. Барлығын Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнаған. Оның айтуынша, әр модельдің өз тарихы бар.

Коллекция иесінің айтуынша, модельдеу өткен ғасырдың 70-жылдары қарқынды дамыған. Сол кезден бері бұл бөлмеде Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Испания және Италия елдерінің ұшақтары жинақталған.

Владимир Найда, коллекционер:

- Модельдеуге күніне үш сағат жұмсаймын. Ұсақ бөлшектерді Ресейден алдыртамын, ал арнайы бояуларды тапсырыс арқылы Жапониядан сатып аламын. Бұны зергерлік жұмыс деп те атар едім.

Бірнеше жыл бұрын коллекцияда 200-ден астам танк пен 200-ден астам ұшақ болса, бүгінде санап шығу мүмкін емес. Зейнеткер үшін бұл модельдер қарапайым хобби емес, нағыз шығармашылықтың өзі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат