БҚО-дағы шаруашылықтарда бақташы жетіспейді

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында жол апаты жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс оқиғалардың көбі қараусыз жүрген мал кесірінен болады. Кенеттен күре жолға шығып кеткен түліктерге көлік соғылып, талай адам көз жұмды. Аудан әкіміне сөгіс те берілді. Қазір тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Алайда қаншалықты нәтижелі болатыны белгісіз. Өйткені мәселеге қатысты түйін көп.

Ауданның үстімен Самара – Шымкент тас жолы кесіп өтеді. Дәл осы күре жолдың бойында елді мекен көп. Сәйкесінше, өрісте жайылған мал да жетерлік. Төрт түлік көбіне қараусыз қалады. Көлік апатының алдын алу үшін жергілікті билік айыптұрақтарын сала бастады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл – аудан орталығындағы бағымсыз малдарды қамауға арналған айып тұрағы. Нысан инвесторға берілген. Көріп тұрғанымыздай, дәл қазір қора бос тұр. Егер бұл жерге бағымсыз мал қамалған жағдайда жем-шөптің шығынын малдың иесі төлеуге міндетті.

Бұған қоса, айып тұрағы ретінде қожалықтардың қорасын пайдалану көзделген. Әкімдік әзірге 11 агроқұрылыммен келісімшарт жасасты. Алайда мәселені шешуде бұл тәсіл тиімді болмай тұр. «Ұтымдысы – мал бағуды жүйелі ұйымдастыру», - дейді тұрғындар. Кейбір ауылдағы ағайын тұрақты бақташы жалдап отыр. Әйткенмен, мал басына төлейтін баға шарықтап барады.

Қайыржан Тәженов, Бұлан ауылының тұрғыны:

- Мың теңгеден бір басына. Бұзауға төленбейді. Сол тек ірі қара малға. Бақташымен келісіп, осы жиналыста. Бұған дейін енді 500-600 теңге болды. Қазір енді бәрі қымбаттауына байланысты болар енді. Өзің үшін ғой енді. Малды біреуге бақтырғасын төленетін зат қой, төлейсің енді.

Ал, енді бір ауылдар бақташы таппай әлек. Мал бағуға ешкім құлықсыз көрінеді. Агроқұрылымдардың өзі қолайлы жағдай жасаса да, кей малшылар ұзақ еңбек ете қоймайды.

Қайырбек Мырзағалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Тұрақтайтыны бар, тұрақтамайтыны бар. Көптен істеп жүрген жігіттер бар. Жалақасы 100 мыңнан жоғары. Енді көптен істеп жатқандардың менің малымның арасында малдары бар, жылқысы бар. Жұмыстарына жақсы қарап, қанағатты істеп жатқан адамға еңбегін аяп тұрған жоқпыз.

Қайырболат Исмағұлов, бақташы:

- Бір жылдай болды. Үйреніп кеттім. Жалақы 50 мыңдай алам. Жақсы былай.

Аудан әкімі ауыл шаруашылығы коперативтерінің санын көбейту арқылы мәселені оңтайландыруға болатынын айтады.

Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының әкімі:

- Мысалы, Бұлдырты ауылдық округінде коперативі құрылған болатын осыдан 5 жыл бұрын. Ол ауылда мал бағуды ұйымдастырып, бағып отырған бақташыға коператив өзі төлеп отыр. Халық қалтасынан қаражат төлемейді. Ал, коператив Үкіметтен субсидия алып отыр. Қазіргі таңда 6 коператив тағы да қосымша құрамыз деп тілек білдіріп отыр. Олардың құжаттарын әзірлеп, юстицияға тіркеу сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ауылдың малын бағу – маусымдық жұмыс. Сол себепті көбісі бақташылыққа жолағысы келмейді. Ал әкімдік ынталы адамдарға қыста мемекемелерден қосымша жұмыс тауып беруге уәде етіп отыр. Осындай кешенді жоспарлар жол апатының алдын алуға сеп боларына сенімді. Әйтсе де, ойға алған істерді толыққанды тындыруға қанша уақыт керегі беймәлім.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов