Ұлытау ауданында өрт далалы жерге таралуда

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында болып жатқан дала өртінен келген шығынды есептейтін мемлекеттік комиссия құрылды.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған ауданның Жангелді, Ақтас, Амангелді ауылдық округінде дала өрті салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Қазір тілсіз жаумен күресу мақсатында оқиға орнында тәулік бойы 70 техника мен 350-ден астам өрт сөндіруші мен еріктілер тартылған.

Бағдат Байжантаев, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары:

- Өрт далалы жерде таралуда. Қазіргі уақытта ауылдар зардап шеккен жоқ. Жағдай облыстық ТЖД тұрақты бақылауында. Малы өлген немесе жайылымы өртенген фермерлер залалын бағалау жөнінде комиссия құрылды.