Павлодар облысында жүруге жарайтын жолдың үлесі 87 процентке жуықтады

Биыл Шарбақты ауданында 47 шақырым жол жөнделеді. Жалпы Павлодар облысында жүруге жарайтын тегіс жолдың үлесі 87 процентке жақындаған. Қазір жергілікті деңгейдегі бағыттар жөнделіп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 100-ден астам жоба іске асады.

Бұл Шарбақты ауданына қарасты Красиловка ауылына апаратын жол. Бұл жерде бұрын асфальт болмаған. Боранды күндері 23 шақырым учаскені қар басып, тұрғындар бейнет көреді. Ауыл халқын алаңдатқан мәселенің түйіні биыл шешілмек.

Сергей Юсин, Красиловка ауылының тұрғыны:

- Бұл жерде астық дақылдарын өсіреміз. Әр көктем сайын қиналамыз. Алқаптарға жанар-жағармай, тұқым тасымалдау қиынға соғады. Себебі осы учаске ми-батпаққа айналып кетеді. Жол салынып жатқанына қуаныштымыз.

Владимир Толстой, Красиловка ауылының тұрғыны:

- Жолдың жоқтығынан әлеуметтік мәселелер көбейді. Мәселен, жедел жәрдем, пошта қызметі дер кезінде жете алмайды. Азық-түлік әкелу де қиынға соғатын. Енді бұл проблемалар артта қалады деп ойлаймын.

Шарбақты ауданында да ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр.  Өлкеде аудандық маңызы бар 300 шақырымға жуық жол болса, олардың басым бөлігі жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетті. Көрсеткішті арттыру мақсатында жаңа жобалар әзірленуде.

Ағыбай Әмірин, Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылы біз 47 шақырымдай жолды жөндейміз. Бұған облыстық, республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге ақша бөлініп отыр. Бүгінгі таңда жол толығымен бітті, бұл «Маралды-Жылыбұлақ» 10,2 шақырым, сол жақсы жөндеу өткізілді. «Ресайклинг» деді. Бүгінгі таңда Сосновкаға 8,8 шақырым жөндеу жұмысы ақяталды. Жолдардың барлығы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында өтіп жатыр.

Аудандық маңызы бар жол мерзімінен бұрын қолданысқа беріледі. Қазір асфальт төсеу жұмыстарына 25 ауыр техника жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, учаске күтімі тиісті деңгейде болса, тас жолды жылдар бойы пайдалануға болады.

Дамир Бариев, мердігер ұйым өкілі: 

- Жол суық ресайклинг технологиясы бойынша салынуда. Яғни қиыршықтас, бокситті қалдық пен цементті араластырып, кейін битум құйылады. Кейін асфальт төсейміз. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Кешігіп жатқан жоқпыз. 

Десе де, Шарбақты ауданында тек қиыршықтас төселген жолдар да бар. Олардың санын азайтып, асфальт төсеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Келешекте 122 шақырымдық жол учаскелері салынады деп күтілуде. Қаржылық қолдау болса, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі айтарлықтай артпақ. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат