Алматыда елорда күніне орай бірқатар әлеуметтік нысан ашылды

Алматыда елорда күніне орай бірнеше әлеуметтік нысан ашылды. Тұңғыш президент қорының «Қамқорлық» бастамасымен және Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, қалада иппотерапия орталығы жұмысын бастады. Онда сал және аутизм дертіне шалдыққан балаларды атқа мінгізу арқылы тегін сауықтыру шаралары көрсетіледі. Сонымен қатар Алматы технология университетінде студенттерге қызмет көрсету орталығы да ашылды.

Алматы технологиялық университетіндегі «АTU Inn» жобасы іске асты. Бұл жерде оқу орнының студенттері қонақүй мен мейрамхана ісін оқып ғана қоймай, келуішілерге қызмет көрсетіп, тәжірибе жинайды. Оқу орталығының өз мейрамханасы, қонақүй бөлмелері, спорттық жаттығу залы мен сервистік орталық бар.

Талғат Құлажанов, Алматы технологиялық университетінің ректоры:

- Бұл жерде біздің студенттер бәрін өздері жасап үйренеді. Ғимарат сол үшін салынды. Студент оқу процесіне қатысты қажетті ақыл-кеңес алып, тиісті құжаттарын рәсімдей алады. Орталықты ашар алдында швейцариялық және ресейлік әріптестеріміздің тәжірибесіне жүгіндік.

Ал Алматы ипподромы жанынан сал мен аутизм дертіне шалдыққан балаларды сауықтыруға арналған иппотерапия орталығы да жұмысын бастады. «Атқа отырған баланың көңілі көтеріліп, жүйкесі жақсарады. Бұған дейін бұл қызмет құны айына 25 мың теңге болса, енді ол тегін болады. 

Мақсат Қиқымов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары: 

- Ата-аналар өздері келіп, ұсыныстармен шыққан. Бізге қиын, үлкен қаражат тұрады. Енді бүгіннен бастап тегін. Ұсыныстар көп болса бүгіннен бастап 100 адам. Келесі жылы ұсыныстар көп болса біз тағы да көбейтеміз. Мүмкіндік мына жерде көріп тұрсыз бар. 

Сондай-ақ бүгін елорда күніне орай қалада 120 орындық 2 мемлекеттік балабақша, 600 және 125 орындық екі мектептің қосалқы ғимараты ашылды. Бұған қоса шаһардың төрт ауданында бірнеше жекеменшік балабақша мен мектептің ашылуы өтті. 

Алмас Садуақас, Эдуард Кон