424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда құрдастары: Астанамыз таланттар тоғысқан қалаға айналды

  • 302
  • UPD: 09:31, 06.07.2021

Тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, аз ғана жыл ішінде елордамыз жер жаһандағы сәулеті асқан шаһардың біріне айналды.

Астанамен құрдас өсіп келе жатқан жастардың да жеткен жетістігі аз емес. 

Айтуар Шәйкенов бала кезінен таеквондомен айналысады. Талантты спортшы халықаралық додаларда атой салып жүр. Еңбегінің арқасында Азия ойындарының қола жүлдесі мен рейтингтік жарыстарда топ жарды. 58 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Айтуар аптасына алты күн жаттығады. Енді 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы олимпиадаға қатысуды мақсат етіп, жаттығу қарқынын үдете түсіпті.

Айтуар Шайкенов, спортшы

Сегіз жасымда спортқа келдім, 2006 жылы Атырау қаласында бастадым, 2015 жылы елордамызға көшіп келдім. Астанаға келгелі спорт, білім, барлық жағынан жан-жақсы дамып жатырмын.

Меңсұлу Темірбекова алты жасында музыкаға келді. Жастығына қарамастан халықаралық және республикалық байкаулардың лауреаты атанып үлгерді. Бүгінде ол бірнеше аспапта еркін ойнайды. Ресейден көшіп келген жас музыкант болашағын елордамен байланыстырады.

Меңсұлу Темірбекова, музыкант:

Ата-анам Батырхан Шұкеновтың өнеріне тамсанатын. Сол себептен Қазақстанға көшіп келгенде мені бірден музыка мектебіне берді. Басында еліміздің астанасы маған ұнамайтын, тартымсыз, болашағы жоқ қала болып көрінген. Енді, міне, күн өткен сайын көркейіп келеді. Музыканттар үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі танда мен қазақ ұлттық өнер университетінде білімімді арттырып, шеберлігімді шыңдап жүрмін.

Елорда құрдастары арасында өнерлі жастар жетерлік. Соның бірі – Әділет Мұхтар. Жас актер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешованың шәкірті саналады. Бала кезінен сахнада жүрген дарынды өнерпаз астанамен бірге өсіп келе жатқанын айтады.

Әдлет Мұхтар, актер:

Ең бірінші қалаға келген жылымнан бастап көз алдымда дамып келе жатыр. Өте керемет. Қала өзіме қатты ұнайды. Өзімнің құрдасым. Бірге өсіп келе жатырмыз десем де болады.

Елорда талай талант пен дарынды жандар тоғысқан қалаға айналды. Бұл кейіпкеріміздің үшеуі де ел астанасының құрдастары. Мұндай жалынды жастар бас қосқан қаланың ертеңі де жарқын.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Наурызбай Құрманғазы

 

Хабар 24 телеарнасы