Қызылордада Сырдарияның ұлтаны мен жиегі құмнан тазартылып жатыр.
2017 жылы даярланған өзен арнасын аршу жобасына республикалық бюджеттен 4 миллиард 890 миллион теңге жұмсалды. Жыл сайын қайыр-аралдарда мұз қату салдарынан сең жүру кезінде бөгет жырып кету қаупі туатын. Сондай-ақ, су деңгейінің реттелмеуінен аумақтағы саяжайларда су көтеріліп кететін.
«Енді тазалау жұмыстары ойдағыдай жүзеге асса, облыс орталығында су тасқынын болдырмау шараларының негізгі бағыты орындалған болар еді», – дейді мамандар. Бұған дейін Жайық, Есіл, Ертіс өзендерін тазалаған павлодарлық мердігер мекеме 3 жер снаряд құрылғысын әкеліп, іске кірісіп кетті.
Жалпы өңірде өзен табанын тазалау жұмыстары Кеңестік дәуірден бері жүргізілмеген. 3 жылға созылатын жоба аясында дария түбі мен жиегінен 4 миллион текше\метр құм шығару көзделіп отыр.
Медет Усаин, облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:
– Қазіргі таңда құм Қызылорда қаласы әкімдігінің ұсынған жер учаскелеріне төгілуде. Бұл жер учаскелерінің барлығы мемлекеттің меншігінде. 3,5-4 метр тереңдікте және ені 250-300 метр аралықта тазалау жұмыстарын жүргізетін боламыз.