424,37 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО: шекаралық ауылдар еңсесін тіктеп келеді

  • 308
  • UPD: 14:13, 06.07.2021

Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралас аудандарда ел еңсесін тіктейтін әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді.

Тарбағатай ауданындағы Жалаңаш, Жаңаталап ауылдарында ауызсу мәселесі шешімін тапса, Тұғыл елді мекенінде орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл игі іске мемлекет қаражатынан бөлек кәсіпкерлер де ат салысуда.

Жаңаталап ауылы – Қытаймен шекарада орналасқан шалғай елді мекен. 300-ге жуық халық тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда ауызсу құбырлары тартылған. Дегенмен жобада әр үйге енгізу жұмысы қарастырылмаған еді. Бұл шаруаны жергілікті кәсіпкер өз мойнына алып, туған жеріне тағзым етті. Жетпіс үш үй қазір толық тіршілік нәрімен қамтылды. Ол ауыл көшелерін тегістеуге де жәрдем жасапты. 

Айнұр Қамзаева, Жаңаталап ауылының тұрғыны:  

Ауылымыз жылдан жылға көркейіп, гүлденіп келе жатыр. Өйткені ауылда қазір жастар көбейіп келе жатыр. Қалада жүрген ауылдың балалары ауылға көшіп келіп жатыр. Бір-екі үй ғана болмаса, бос тұрған үй жоқ, бұзылған үй жоқ. Ауылда тіршілік бар, ауылымыз жайнап, жарқырап, гүлдене берсін!

Ал 5 мыңға жуық тұрғыны бар Тұғыл ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп 60 жылдан бері жөндеу көрмей, апатты жағдайда тұрған. 1990-жылғы Зайсандағы жер сілкінісінен кейін білім ордасы тіпті темірмен құрсауланған еді. Енді, міне, «Ауылым – ел бесігі» бағдарламасы арқылы мемлекет қазынасынан 271 миллион теңге бөлініп, нысан күрделі жөндеуден өтті.

Архат Бекқазин, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры:

– Еңсесі көтерілді, 1 метрге жоғарылады. Жалпы мектептің сейсмикалық тұрақтылығы қатайып, жаңарып, жаңадан қаланып, кқптеген жұмыстар жасалып жатыр. Толығымен жылу жүйесі жаңартылды.

Мектептің есік-терезелері, едендері түгел ауыстырылған. Бұрын әжетханалар да сыртта еді. Енді ол кемшілік те жойылды.

Бағила Ерғалиева, Тұғыл ауылының тұрғыны:

– 1962 жылы салынған мектебіміз жөндеуден өтті. Оның өзі ата-ана, ұстаздар, шәкірттер үшін өте үлкен қуаныш болды. Енді қазір Мәдениет үйіміз күрделі жөндеуден өтті. Оған да қуанып жатырмыз. Ауылымызда 3 көше асфальттанды. Биыл соңғы бір жылдың ішінде біздің ауылымызға үлкен мәдени өзгеріс кірді.

Шалғайдағы 150 тұрғыны бар Жалаңаш ауылындағы су құбырлары да комуналдық мекеменің күшімен биыл жөндеуден өтіп жатыр. Құйған-Жалаңаш, Құйған-Ақжар тас жолдары да қайта жаңғыртылып, Ұласты өзеніндегі көпірге көңіл бөлінбек.

Тағы бір жаңалық, биыл Тарбағатай ауданы бойынша қоспәтерлі 25 үй салынып, барлығы 50 отбасы баспанамен қамтылмақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

 

Хабар 24 телеарнасы