Елорда халқының саны 1 млн 200 мыңнан асты

Елорда халқының саны 1 миллион 200 мыңға жетті. Қала күні қарсаңында Ұлттық статистика бюросы осындай ақпарат таратты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мекеменің мәліметіне сүйенсек, астаналықтардың жартысынан көбі яғни, 720 мыңнан астамы еңбекке қабілетті адамдар.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- 2017 жылы астаналықтардың саны 1 миллионға жетті. 4 жылдың ішінде бұл көрсеткішке тағы 200 мың адам қосылды. Ресми статистика солай дейді. Қазір елордаға берісі еліміздің түкпір-түкпірінен, арысы шет мемлекеттерден жүздеген жан бақытын іздеп келеді. Ал осыдан 23 жыл бұрын, мәртебесі ауысқан бұл шағын қалада небәрі 300 мыңға жуық тұрғын болған.

Жанар Серікбаева, Ұлттық статистика бюросы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары:

- 1997 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласының халқының саны 4 есе артты. 1998 жылдың басында қала тұрғындарының саны 300 мың 505 адамды құраса, 2021 жылдың басында Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 1 184 411 адамға жетті. Жалпы осы аралықта халқымыздың саны 884 мыңға өсті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр ел астанасына барлық аймақтың азаматтары көшіп келген. Атап айтқанда, бас қалаға қоныс аударғандардың 20%-і Ақмола облысының тұрғындары. Бұл – шамамен 14 мың адам. Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарынан 6 мың адамнан келген. Ал былтыр 5 мыңға жуық алматылық азамат елордаға көшіп келген. Жалпы жыл сайын астаналықтардың саны 50-60 мың адамға көбейіп отырады.

Эльмира Отар, әлеуметтанушы:

- Екі өсім түрі байқалады. Ол табиғи өсім кәдімгі және миграциялық өсім. Бірінші кезде әрине, Нұр-Сұлтан қаласына көбінесе урбанизация процесіне, ауылдан қалаға көшу процесі негізінде көшіп келді. Сонымен қатар басқа аумақтардан да көшу байқалады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, көбінесе Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келеді екен, Түркістан облысынан. Ең көп миграция ол Батыс Қазақстан облыстарынан екен.

Бас қалаға бақыт іздеп келгендердің бірі – Бимағамбетовтар отбасы. Олар ел астанасына 2012 жылы қоныс аударыпты. Шаңырақ иесі Бердібек те, отбасының ұйытқысы Қарлығаш та телевизия саласында еңбек етеді. Бірі – оператор, екіншісі – режиссер. Екеуін де табыстырған талай тағдырды тоғыстырған, талай ғашықтың жолын түйістірген «Хабар» агенттігі еді.

Бердібек Бимағамбетов, телеарна операторы:

- Жас қала болған соң жыл сайын келіп түсірген соң армандайтынбыз, осы қалаға келіп жұмыс істесек, жұмысымыздан үй алсақ деген арман болды. 4 баламен келгеннен кейін бала-шағамның болашағын ойлап келдім ғой. Осы жақтан оқысын, өнсін, бәрі дамығаннан кейін оқысын деп армандап келдік. Ризамыз, Құдай қаласа, әрі қарай балаларымыз оқып, үйленіп, солардың немерелерін бағып, шапқылап, соларға ақылшы боп жүрсек басқа арман жоқ.

Мұнда Бимағамбетовтар отбасының тағы үш сәбиі дүние есігін ашты. Осылайша, қазір бақытты ата-ана 7 бала тәрбиелеп отыр. Ал биыл Қарлығашқа алтын алқа табысталды. Статистикаға назар аударсақ, тағы бір қызықты дерек көзге түседі. Елорда халқы еліміздің басқа қалаларымен салыстырғанда ең жас болып саналады екен. Мұндағы орташа жас мөлшері – орда бұзар 30 жас. Сондықтан бұл – мүмкіндіктер қаласы.