Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко – Ақтау тас жолы қайта жөнделіп жатыр

Маңғыстау облысында «Халықтық бақылау» тобы құрылғалы жол сапасы жақсара бастапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Анықталған кемшілікті мердігер компания жөндеп береді. Трассаларды тұрақты тексеретін мамандар осылай дейді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Облыстық маңыздағы Форт-Шевченко – Ақтау жолы қайта жөнделіп жатыр. Бұл бағытта бірнеше компания жұмыс істеп жатыр. Оның 5-29 шақырымына жауапты мердігер өз жұмысын келер айда аяқтауы тиіс.

Жантас Молдабаев, мердігер мекеме директорының орынбасары:

- Қазір жол құрылысы 70%-ке орындалып тұр. 11 сағаттан, 2 ауысыммен жұмыс жүргізіліп жатыр. 200-дің үстінде техника жұмылдырылған. МАИ постынан әуежай аралығын осы тамыз айында ашқымыз келеді.

Бақылаушы топ трасса өлшемдерінің нормативтік-техникалық талаптарға сай келуін тексеріп шықты. Олар бұған дейін жолдың осы бөлігінен бірнеше рет сынамалар алып, құрамын тексерген.

Елтай Таялиев, Жол активтері ұлттық сапа орталығы филиалының директоры:

- 30-дың үстінде сынама алынды. Керн дейді ғой. Бәрінің де тығыздығы стандарқа сәйкес келіп тұр. Негізі 99% болуы керек. Былтырға қарағанда биыл жолдардың сапасы едәуір жақсарғанын білдіреді. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан объектілердің барлығын тексеріп жатырмыз осы 6 айда.

Биылғы қаңтар-маусым аралығында жол сапасын бақылаушылар 167 рет рейд өткізіп, 745 сынама алған. 74-інен ақаулық табылып, жол салушы мердігер мен оған тапсырыс берген әкімдікке хат жолдайды. Нәтижесінде көрсетілген кемшіліктер түзетіледі. Олардың тексеру рейдтерін «Халықтық бақылау» тобымен бірлесе өткізуі үрдіске айналған.

Дайрабай Үсіпбаев, «Халықтық бақылау» тобының жетекшісі:

- Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша біздің Маңғыстау облысы жолының сапасы бірінші орында тұр. Оған кейбір тұрғындардың тарапынан осы қалай деген сияқты әңгімелер жүріп жатыр. Халықтық бақылау тобының атынан айта алар едім, бізде тексеру жұмыстары жүргізіліп отыр. Алда әлі көптеген жолдар бар. Қарақия ауданы, Маңғыстау ауданы бар. Оларды да әлі тексеретін боламыз.

Жыл сайын жолдарды жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Десек те, ауыр жүк көліктері жолды бүлдіріп жатыр. Өткен 6 айда 1320 көлік тексеріліп, заңбұзушылыққа барған 281 тұлғаға 31 млн теңге айыппұл салынған. «Әсіресе, аптап ыстықта шамадан артық жүк тасымалдау жол сапасын екі есеге дейін қысқартады», - дейді жол сапа бақылаушылар.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жазда ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде осьтік салмағы 8 тоннадан асатын көлік қозғалысына шектеулер Қазақстанда жыл сайын енгізіледі. Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында 1-31 тамыз аралығында ауыр жүк көліктері түнгі 10-нан таңғы 10-ға дейінгі аралықта жүре алады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев