Қапшағайда 50 отбасы жаңа үйге қоныстанды

Бүгінгі мерекеде Қапшағайдағы 50 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты жағдайда табыс етілген пәтер кілттері жылдар бойы үй кезегінде тұрған қалалықтарға берілді. Қуаныш иелерінің арасында аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік санаттағы тұрғындар бар. Жаңадан бой көтерген үйдің құрылысы былтыр шілде айында басталып, бір жыл ішінде аяқталды. Оған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 500 млн теңгеден аса қаражат жұмсалған. 3600 шаршы метрден асатын ғимарат бір бөлмелі – 10, екі бөлмелі – 25 және үш бөлмелі – 15 пәтерден тұрады. Қалада қазір 2900-ден аса адам баспана кезегінде тұр.

Манзура Сатыбаева, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Көп балалы анамын. 4 балам бар. Қапшағай қаласында туғам. Қапшағай қаласында өстім. 2013 жылы мен кезекке тұрғанмын. Міне, үй алып жатырмыз. Өте қуаныштымын.