Алматыда Елорда күніне орай «Терренкур» жаяу жүргіншілер аймағы ашылды

Кіші Алматы өзенінің бойындағы жасыл аймақ, ең алдымен, емдік мақсатты көздейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жердің ауасы, табиғаты адам ағзасын қалпына келтіруге ықпал етеді. Серуендеп демалатын және спортпен айналысатын арнайы орындар да қарастырылған. Жаздың аптап ыстығында алматылықтар үшін «Терренкур» таптырмас демалыс аймағы болмақ.

«Терренкур» адам танымастай өзгерді. Бұрын екі адам қатар әрең өтетін жолдар кеңейіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасалды. Ең алдымен 5 мыңға жуық бұталы өсімдік пен 150 түп ағаш отырғызылып, жасыл қор ретке келтірілді. Жаңадан орындықтар қойылып, теңіз деңгейінің биіктігін көрсететін ақпараттық және навигациялық тақталар қойылды. «Терренкур» аймағын қайта жаңғырту қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қолға алынып, ұзындығы 9 шақырымдай аумаққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Наталья Ливинская, қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы:

- Құрылыс жұмыстары 1 жыл бойы жүрді. Әсіресе, өзеннің гидротехникалық жұмыстарына баса назар аударылды. Жаңа көпірлер салынды. Арналар ретке келтіріліп, ол жер тұнба мен құмнан тазартылды. Габион құрылымы нығайтылып, қалпына келтірілді. Мақатаев көшесіндегі көпір қайта жөндеуден өтіп, гидротехникалық құрылыс жаңартылды. Бұл Кіші Алматы өзенінің өткізу мүмкіндігін минутына 0,5 текше метрден 2,5 текше метрге дейін ұлғайтты.

Мұнда тұрғындардың жаяу жүріп, таза ауада демалуына, дене шынықтыруына барлық жағдай жасалған. Бұл аймақ бұрыннан-ақ алматылықтардың сүйікті орны болатын. Енді қайта жөндеу жұмыстарынан кейін мұнда келушілердің саны тіптен арта түсті.

Асқар Бұланов, қала тұрғыны:

- Күнде баскетбол ойнап жүреміз балалармен. Біраз болды. Екі айдай болды балалармен шыққанымызға. Өте әдемі істеп қойды. Үлкен рақмет осы жерді әдемілеп тұрып істеген адамдарға.

Сондай-ақ Елорда күнінде мегополисте 725 орынға лайықталған екі мектептің қосымша ғимаратының құрылысы аяқталып пайдануға берілді. Оған қоса, 120 орындық 4 мемлекеттік балақша мен тағы бірнеше жекеменшік мектепке дейінгі мекеме жаңадан жұмысын бастады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова , Әбен Нарымбаев