Қостанай облысында биыл бұрынғы жылдарға қарағанда шөптің шығуы төмен. Орташа түсім гектарынан 4 центнер шамасында. Мамыр, маусым айларындағы аптап ыстықта шабындық, жайылымның біраз бөлігі қурап, селдіреп қалған. Сондықтан шөп тапшылығы туындап, бағасы шарықтап кетуі мүмкін деген болжам бар.
Бұл Науырзым ауданына қарасты Аяқсуат деген жер. Әдетте бұл алқап осы кезде көкорай майса, көк шалғынға оранып жататын. Ал қазір жаздың алғашқы айында-ақ жазық дала бүтіндей сарғайып кеткен. Мұнда шөп шауып жүрген механизаторлардың көңіл-күйі де сол жағдайға сай.
Берік Жақұнов, механизатор:
- Өте емес. Жаңбыр жоқ. Сол барын шауып жатырмыз ақырын-ақырын.
Шаруа қожалығының иесі Төлеген Тоғызбаев бас 400 ірі қарасы бар. Бұрындары өзіне қажетті мал азығынан тыс сыртқа сатылымға да біраз шөп дайындайтын. Биыл өзімізді қамтасыз етіп алсақ сол деп отыр.
Төлеген Тоғызбаев, шаруа:
- Өзіміздің малымызға жинап алғаннан кейін барып, сатылады артылғаны. Ал ол жиналмаған жағдай ол сатылмайды. Қазір енді 20 күн болды, енді жинағанымыз бізге мыңдай керек, бізде 150-160-ын ғана жинап отырмыз осы тұрғанда.
Олар шөпті мынадай орама рулонмен есептейді. Әрқайсысы шамамен 300-350 келі тартады. Біреуінің бағасы 7-8 мың тенге. Сонда бір тонна шөптің құны 24 мың тенгеге маңайлап қалады. Тіпті сырттан келіп одан да қымбат ақы ұсынып отырғандар бар екен.
Төлеген Тоғызбаев, шаруа:
- Жергілікті халыққа 7 мың тенгеден үлестіріп жатырмыз. Ал енді сырттың халықтары жинап қойсаң 9,10 мың шамасында алып кетеміз дейді.
Ал мынау жер шөптің отаны атанған Асан қайғы атырабы. Техника табаны, соқа түрені тие қоймаған тың өлке нағыз малға жайлы қоныс. Орталықтан шалғай жатса да кеңес дәуірі кезінде де осы жерден еліміздің әр түкіпіріне шөп тасылатын. Биыл да бөлісуге дайынбыз дейді жергілікті шаруалар.
Ернар Омаров, шаруа:
- Шығым жақсы, Қазірдің өзінде 50 центнерден беріп жатыр. Көрші қожалықтар бар, келіп шауып жатыр, керегінше алып, келісім бойынша біреудің жоқтығынан пайда тауып кетейік деген, ондай не жоқ. Көрші маңайлар, өйткені ол ауылдық жерлерде көбісі егістік, сондықтан оларда тапшылық болып жатыр.
Биыл қостанайлық шаруалар бір миллион тонна шөп дайындауды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні соның 34 проценті орындалған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, шөптің тоннасы қазіргі кезде 20 мыңнан 35 мың тенге аралығында сатылып жатыр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг