Эксклюзив: Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды

Бір ғасырлық тарихы бар «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды. 1921 жылы жарыққа шыққан басылымның төртінші саны Өзбекстан астанасында сақтаулы. Бұл құнды жәдігерді арнамыздың Ташкенттегі меншікті тілшісі жергілікті кітапханалардың бірінен тапқан. 

Риат Шони, тілші:

- Алаштың біртуар қайраткерлері қызмет еткен «Жас Алаштың» алғашқы үш саны сақталмаған екен. Мынау төртіншісі. Биыл 100 жыл толған басылымның бұл осы күнге дейін жеткен алғашқы түпнұсқасы десе де болады. Төртінші шығарылым 1921 жылдың 9 мамырында жарыққа шыққан екен.

«Жас Алаштың» түпнұсқасы Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасынан табылды. Басылымның бас беті ғана сақталған екен. Оны өзбектер сирек әрі құнды жәдігерлер санатына жатқызған. Газетті түсіру түгіл оны көру үшін рұқсат алу қиынға соқты. «Жас Алаштың» төртінші санын таспаға түсіруге көрші ағайынды әрең көндірдік. 

Махфуза Абдраимова, Ә. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасының жетекші маманы:

- Бізде «Жас Алаш» газетінің бір беті ғана сақталған. Қайдан келгені, кітапханаға кім әкелгені белгісіз. Оны зерттеген ешкім жоқ. Бірақ бұл көне жәдігер болғандықтан оны тиісті талаптарға сай сақтап отырмыз. Күн түспейтін, бір қалыпты температурасы бар бөлмеге қойдық. Бұл газеттің әлі цифрлық көшірмесі де алынған жоқ.

Тарихы Ташкентте басталған газеттің қолымызға іліккен саны осы ғана болды. Мерзімдік баспада төте жазумен қатар кириллица графикасын да кезіктіруге болады. 

Қазақстандық ғалымдар бұл Ахмет Байтұрсынов жасаған реформаға дейінгі кезең дейді.

Самал Төлеубаева, шығыстанушы:

- Сосын байқасақ ол кезде әлі кирилл қарпі бізде бекітілмегендіктен. Мысалы, орысша жазылған сөздерінің өзінде қате бар, иә? «Понидельник» деген осындай мәселелер. Енді мынау төте жазудың өзіне келсек, әрине 29 жылға...24 жыл. Яғни Ахмет Байтұрсынов реформа жасағаннан кейінгі жазудан сәл өзгеше. Мысалы, мына жерде «ш» әріпі «ж»  беріледі. Тағы басқаша.

15 күнде бір рет шығып отырған «Жас Алаш» газеті қазақ жастарын тәрбиелеуде ерекше роль атқарып, олардың өз елінің патриоты болып қалыптасуына үлес қосты. Мерзімдік баспа 4 бағанмен шығып отырған. Онда сыртқы және ішкі хабарлар деген екі айдары болған екен. Қолымызға түскен түпнұсқада Ғали Жан деген автордың жастарға арнаған мақаласы басып шығарылған. 

Ұшқын Сәйдірахманұлы, Ә. Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Қазақ-қырғыз шәкірттеріне деген мақалада не айтқысы келген? Мақаланың 4 абзац шамасында жалпы бұрынғы жастар қандай еді, қазіргі жастар қандай? Біз теңдік алдық, біз бостандық алдық, коммунистік партия бізге болашақты нұсқады деген кіріспемен маңыздылығын атап келіп, одан кейін енді жастар сендер оқуларыңды бітіріп, елге, ауылға қайтқалы тұрсыңдар. Ауылға қайтқанда ел арасында қандай кемшілік мінездер бар, қандай ерсі қылықтар бар? Қандай сіздер көріп тұрған келеңсіз жәйттер бар? Осының бәрін түзеуге күш салыңыздар. Оны бізге газет бетіне жазыңыздар деген үндеу тастаған.

Бұдан бөлек газеттің бұл санында сол кезде өткір тұрған мәселелердің бірі – қалың мал мен көп әйел алуға тыйым салу жайы да жазылған. 1921 жылы Кеңес Үкіметі арнайы декрет қабылдап, қазақ халқының бұл дәстүріне тыйым салғаны тарихтан белгілі.

Самал Төлеубаева, шығыстанушы:

- Ал мына жерде мысалы, біз тағы да қандай қоғамға байланысты мәселелерді байқаймыз. Қалың мал мәселесі. Көп әйел алу. Өйткені жаңа жүйе бойынша совет үкіметінің орнатқан тәртібі бойынша қалың мал төлеуге тыйым салынады. Осы мәселелердің бәрі көтеріледі. Сонда осы жерде мақала авторлары проблеманы қозғап, сұрақ қояды. Ал бұл біздің ата-бабамыздан келе жатқан заң. Біз одан қалай бас тартамыз? Бұл дұрыс па екен деп. Әрине біз енді жаңа үкімет орнағаннан кейін бағынуымыз керек. Бірақ ол қаншалықты дұрыс? Өйткені мынау «Жас Алаш» газетіне тән бір сипаттардың бірі ол батылдылық және турашылдық.

«Жас Алаш» газеті жастар арасында Кеңес үкіметінің идеологиясын насихаттауға бағытталса да ақпаратты барынша объективті беруімен және мәселелерді терең сараптауымен де танымал болды. Өзбекстанның кітапханасында жатқан қазақ басылымының беті жыртылуға шақ қалды. Бір өкініштісі, осы күнге дейін сақталып келген түпнұсқаның цифрлық көшірмесі жасалмапты. 

Риат Шони, Талғатбек Абдуқожаев, Мерей Мұратханқызы