Елордалық аттракцион иелеріне айыппұл салынуы мүмкін

Елордада аттракциондардың жұмыс істеуіне уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаулыға қарамастан қаланың қақ ортасындағы парктің жұмысы мереке күндері қыз-қыз қайнады. Бірнеше аттракцион келушілер үшін қызмет көрсетті. Санитарлық талаптың сақталуын ешкім тексермеді. Мобильді топ өкілдері мүлдем жоқ. Тұрғындар қалыптасқан жағдайға алаңдаулы.

Айгүл Шағалтаева, қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

–  Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызыл аймақта» тұр. Күніне 800-дей жұқтыру дерегі тіркеледі. Мереке және демалыс күндері қаладағы парк пен жағажайларда адамдар көп шоғырланды. Санитарлық нормалар сақталмады. Осыған байланысты кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Айыппұл көлемі 80 мың 500 теңгеден басталады.

Еске сала кетейік, бұған дейін демалыс күндері аттракциондардың жаңа қаулыға қарамастан жұмыс істегенін айтқан болатынбыз.