Түркістанда алты баланың анасы үшем босанды

Түркістандық дәрігерлер шала туған үшемді аман алып қалды.

Жыл басынан бері өңірде алтыншы үшем дүниеге келді. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестелер Түркістан қаласында орналасқан №3 облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келді. Үш ұл баланы 39 жастағы Дилхумар Юсупова ота арқылы босанған. Дәрігерлер туғанда салмағы небәрі 1,7 келі (1700 грамм, бойы - 40 см, 1700 грамм, бойы – 39 см, 1970 грамм – бойы 42 см) болған үш ұлды 13 күн бойы күтіп, жетілдірген. Мерзімінен ерте туған үшем перзентхана дәрігерлерінің бақылауына алынған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, медицина қызметкерлерінің көмегімен сәбилер салмақ қосып, жағдайы жақсарған. Түркістандық дәрігерлердің біліктілігі мен күтімінің, тынымсыз еңбегінің арқасында шала туған шақалақтар аман қалып, аналары оларды бауырына баса алды. Мамандардың сөзінше, қазір олардың өміріне төнетін еш қауіп жоқ. Нәрестелерге жақындары Хасан, Хусан мен Мухаммад есімдерін берген.

Айта кетсек, үшем дүниеге келген отбасының төрт қызы мен екі ұлы бар. 39 жастағы келіншек 9 баланың анасы атанды. Көп балалы ана үй шаруасында, ал отағасы – қарапайым жұмысшы. Былтыр №3 ОПО-да 10 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Жыл басынан бері мұнда 6 мың нәресте дүниеге келген. Орталық дәрігерлері жыл сайын жүздеген шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуда.