Арал ауданында жұқпалы аурудан түйелердің табаны түсіп жатыр

Қызылорда облысы Арал ауданында түйелердің табаны түсіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, бұл «некробактериоз» жұқпалы ауруының салдары болуы мүмкін. Әзірге мамандар осындай диагноз қойып отыр. Нақты себебі қосымша сараптамадан кейін белгілі болады. Бүгінде індетке шалдыққан Ойсыл қара тұқымына екпе жасалып, ем-шаралар жүргізілді. Аса қауіпті індет түрі болмағандықтан, шаруаларға өтемақы төленбейді. Әзірге мамандар 13 бас түйенің табаны түскенін айтады. Бұл жұқпалы ауру соңғы рет тоқсаныншы жылдары тіркелген екен.

Әнуарбек Дәрмағанбетов, облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

– Өте арық, қыстан жүдеп шыққан, азығы, жемі өте нашар болған малдардан анықталып отыр. Бұл табаннан табанға, түйе малынан жұғады. Жатқан кезде немесе басқадай жағдай болғанда бір-біріне жұғуы мүмкін. Былай адамға жұқпайды. Бұдан мал өлмейді, жазылып кету болжамы бар.