Қызылордалықтар қалдық судан қашан құтылады?

 

Қоқыс пен иесіз ит-мысық жиналатын қалдық су қызылорда жұртының наразылығын туғызып отыр.

Әсіресе облыс орталығындағы Саяхат шағын ауданының тұрғындары қолқаны қапқан иіс пен шыбын-шіркейден тағат тауып тұру мүмкін емес дейді. Түбіне түрлі қалдық шөккен сарысудан ауру тарайды ма деп қорқады. Жұрт жиналып, мәселені жергілікті билікке жылда айтады. Бірақ көлемі ұлғайып бара жатқан көлшіктердің көмілер түрі жоқ.

Осыдан 5 жыл бұрын жеке үй салу үшін 10 сотық жерге қол жеткізген Мақсат Аймахановтың қуанышында шек болмады. Бірақ құрылысты бастағанда бармақ тістеп қалды. Жер астынан ыза су шығып кете береді екен. Оны жабу үшін 300 жүк көлігімен құм төгіп, топырақпен тегістеп, іргетасын қалыңдатып құяды. Дегенмен қазір ағынсыз көлшіктің суы Мақсаттың үйген құмын мүжіп барады. Одан қалды жағымсыз иіс, маса, желмен жиналатын қоқыс тұрмысты ауырлатып жіберді дейді ол.

Мақсат Аймаханов, Саяхат шағын ауданының тұрғыны:

Тереңдігі 1 метрдей бар. Асты балшық, балалар түсіп кеткен жағдайда тұншығып өліп қалуы мүмкін. Баалаларды қарайлап отырамыз, бар ма деп. Бұл азайғаны қазір. Көктемде жаңбыр, қардың еруімен мына жердің суы молаяды. Ол кезде қауіп одан да бетер болады.

Шеткері орналасқандықтан қоғамдық көлік қатынамайтын Саяхат ауданындағы 29-көшеде 20 шақты үй бар. Иіс пен масадан қашып аулаға шығудан қалған тұрғындар түнде ыза судың маңайына жабайы ит-құс үйір екендігін айтады. Одан бөлек, ассенизатор көліктер қалдық су төгіп кететін көрінеді.

Мұрат Әбдірахманов, Саяхат шағын ауданының тұрғыны:

– Иісі бар, сосын ар жақтағы көгалға қаланың қалдық сулары төгіледі. Ол мәселе де айтылып жатыр. Су жүйесіне, аймақтық полицияға айтылды, көршілер болып жаздық. Ұстап та бергенбіз мынандай су тасығыш көлік деп. Ешқандай шара қолданып, ешқандай нәтиже болып жатқан жоқ. Ана жер, мына жерді әркім өз қаражатымен жауып жатыр.

Әкімдіктегілер болса, жеке жер телімдерінің иелері өзіне меншікті аумақты өздері игеруі керек дейді. Жалпы қалада осындай 26 көлшік болған, оның 16-сын сот шешімімен тұрғындар өздері жапқан. Енді бесеуіне тағы міндеттеліп отыр, қалған жер телімдерінің егесі табылмай жатыр екен.

Ғанибек Омаров, қалалық Жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Игермеу салдарынан ыза судан көлшік пайда болады. Әрі қарай көршілеріне, жанындағы жер учаскелеріне зиянын тигізіп отыр. Осыларды болдырмау бағытында барлығын сотқа берген болатынбыз. Енді әрі қарай сот орындаушылар тиісті қызмет көрсетуде. Қала азаматтарына жер учаскесін мақсатына сәйкес игеруге міндетті екенін жеткізгім келеді.

Сонымен жергілікті билік тек мемлекеттік меншіктегі жерлерде орналасқан көлшіктерді тегістейміз дегенді айтып отыр. Тұрғындар үшін енді қолдан қолға сатылып кеткен ыза су айдындары иелерінің тез табылуына үміттенгеннен басқа шара жоқ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев